«Шаңырақтың» шырағы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Шаңырақтың» шырағы

07.03.2019

Елімізде заты әйел болғанмен, ер азаматтың да жүгін арқалап жүрген аналар аз емес. Солардың бірі қостанайлық «Алтын алқа» иегері Қарлығаш Балапанова. Ол жеті бала тәрбиелеп өсірді. Сонымен қатар қоғам өміріне де белсене араласып, кәсіпкер ретінде танылып, көпке үлгі бола білді. Бүгінде ол «Шаңырақ» атты қоғамдық ұйым құрып, жас ұрпақты ұлт құндылықтарын дәріптеуге тәрбиелеп жүр.

Қарлығаш Балапанова бос уақытын немерелерімен бірге өткізуге тырысады. Қазір балалардың бәрі ержетті, әр салада табысты еңбек етіп жүр. Тұрмыстары тәуір. Олардың өмірден өз орындарын табуына отбасындағы тәрбиенің әсері мол болғаны анық. 90-шы жылдардағы қиындықтарға қарамастан Қарлығаш жеті баласын ештеңеден тарықтырмай өсірді.

Қарлығаш Балапанова, «Алтын алқа» иегері:

- Қасыма 2-3 келіншекті алып, тігін цехын аштым. Олар да көпбалалы аналар. Алдымен ауылда саттық, қыз жасауын дайындадық. Сөйтіп қиындықтан шықтық.

«Болымсыз жәрдемақыға анықтама жинағанша, оған кететін уақытты кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеруге жұмсағаным жөн», деп шешті. Сөйтіп есіктен жаңа кірген нарыққа құрық салған алғашқы әйелдердің бірі болды.

Іскерлігімен көзге түскен ол қоғамдық жұмыстарға да белсене атсалысты. Үш рет Қостанай аудандық мәслихатына депутат болып сайланды. Қазір зейнетте. Алайда қол қусырып қарап отырған жоқ. «Шаңырақ Қостанай» атты қоғамдық ұйымның төрайымы. Бұл ұйым жас ұрпаққа ұлттық салт-дәстүрді насихаттайды.

Қарлығаш Балапанова, «Алтын алқа» иегері:

- Арманым - осындай ұйымды облысымыздың әр ауданында ашу.

Қарлығаш Балапанова жас аналарға кәсіп ашудың қыр-сырын да үйретіп жүреді. «90-шы жылдарға қарағанда қазір мемлекеттен қолдау көп, тек соны кәдеге асыра білу керек»,-дейді. Кейінгілерге жөн сілтеп, жол көрсетуді өзіне міндет етіп алған. Себебі батыр ана әр қазақтың шаңырағы берекеге толғанын қалайды.

Дәуренбек ӘБДІБЕК

Хабарламаларға жазылу