70 жасқа келсе де, такси жүргізетін қария - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

70 жасқа келсе де, такси жүргізетін қария

07.03.2019

Жасы 70-ке келсе де, такси жүргізіп жүрген әже жайлы естіп пе едіңіз? Ондай адам Шығыс Қазақстандағы Аягөз қаласында тұрады. Қартайдым деп қарап жатпай кейуана қала ішінде көлігімен халыққа қызмет көрсетіп жүр. Бірнеше жыл бұрын қажылық парызын өтеп, Меккеге де барып келген.

Оразхан әжені аягөздіктер «такси апа» атап кеткен. Қария күнделікті таңғы жетіден қала ортасына шығып, халықты тасиды. Көлік жүргізгелі 30 жыл болған. Темір тұлпарын 8 рет ауыстырыпты. Алғаш айдағаны «Запорожец». Соңғы жылдары тек шетелдік көліктерді тізгіндеп жүр.

«Такси апа» Аягөзден бөлек, машинамен Астана, Тараз, Талдықорғанға да барған. Семей мен Өскеменге жиі жүріп тұрады. 30 жыл бойы бір рет те көлігі сыр беріп, жолда қалмаған. Өзінің айтуынша, ереже бұзып, айыппұл да төлеп көрмепті.

«Такси болып табыс табу мақсатым емес», - дейді әже. Үйде отырмай жиі қимылдап, адамдармен араласу ауру-сырқаудан ада қылады деп есептейді. 

Ерқасым Серікқалиев, Аягөз қаласының тұрғыны:

- Телефонының нөмірін жазып аламыз. Кейде асығыс боламыз. Керек жерімізге жеткізіп тастайды. Бәріміздің атымызға дейін біледі. Хал сұрасып, білісіп тұрамыз. 

Адамдарға мейірімін төгіп, үнемі көмектескенді жақсы көретін Оразхан әжей Айт кезінде халыққа тегін қызмет те көрсетті.

Оразхан Манабаева, такси жүргізушісі:

- Көп еңбек еткенге бақыт басын иіп тұрады. Сондықтан еңбек еткен жақсы. Еңбек еткен адамды ширатады. Отбасын асырайды мысалы. Тиын-тебенін табады. Одан кейін ауру-сырқаудан да аулақ болады, көп еңбек еткен адам.

Оразхан әже мен ақсақалы ұлын ұяға, қызын қиыға қондырып, немере-шөбере сүйіп отырған бақытты жандар. Биыл отасқандарына 50 жыл толады. Күзде бала-шаға, туған-туыстың басын қосып, алтын тойларын атап өтпек.

Ержан ЖАҚЫП

Хабарламаларға жазылу