Қарабұлақ елді мекенінің тұрғындары ауызсуға жарымай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарабұлақ елді мекенінің тұрғындары ауызсуға жарымай отыр

07.03.2019

Алматы облысы, Кеген ауданына қарасты Қарабұлақ елді мекенінің тұрғындары 10 жылдан бері ауызсуға жарымай отыр. Жұрт суды тау басынан аққан бұлақтан тасиды. Алайда, лас судан мал да, адам да ішеді. Әкімдіктен су сұрап барғанымен, жыл сайын мәселе шешіледі деген құрғақ уәдеден басқа жауап естімейді. Сондықтан тұрғындар талап-арызын тыңдайтын құлақ таба алмай таусылған соң, базынасын айтып, Ұлттық арнадан көмек сұрады.

Ауызсудың азабын тартқан жұрттың бұлай наразылық танытуы бекер емес. Он жылдан бері бірі арбасын сүйреп, енді бірі қолдарына салдырлатып шелегін ұстап, жылғалап аққан Ақбұлақ пен Қарабұлақты жағалап, су тасиды.

Алмат Әбдіраман, тілші:

- Жетісудың кереметіне айналған Көлсай көлінен барар жолдың қақ ортасында орналасқан Қарабұлақ ауылы осы. Жолы нашар. Осы бұлақтың басынан мал да, ит те, адам да ішеді..

Жұмагүл Мекетаева, Қарабұлақ ауылының тұрғыны:

- Таза емес, малдың қиы, көрінген нәрсе тасталады.

Ауылдың Қарабұлақ деген тек атауы болмаса, құбыр түгілі құдығы да жоқ. Ең қиыны, жалғызбасты қарттарға қиын. Бір шелек су әкеліп, шай қайнату мұңға айналған. Ауылдың шетінде тұратын қариялар бұлақ басына баруға шамалары келмейді. Сөйтіп, қытымыр қыстың күні қардың суын ерітіп ішеді. Басқа амал жоқ.

«Жағдайымызды айтып барған шенеуніктерден емес, тозған табалдырық пен қағылған есіктен ұяламыз», - дейді жұрт. Қарабұлақтықтар аудан әкімі мәселемізді шешпейді деген соң, облыс басшылығына шықтық. Егер сенсеңіз, талай жыл сергелдеңге түскен елдің мәселесі биыл шешілмек.

Ғалмұрат Жүкел, Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы:

- Олардың жобалық-сметалық құжаттарын дайындау бойынша ауданнан сұраныс келіп түсті. Ол сұраныс қанағаттандырылады. Яғни, биыл жобалық-сметалық құжаттары әзірленеді.

Жуырда өткен «Nur Otan» партиясының съезінде Президент барлық тұрғынды таза сумен қамтамасыз ету мәселесін қадап айтты. Оған ел бюджетінен 140 млрд теңге бөлінетіндігін де жеткізді. Таза суға қол жеткізе алмай тарыққан қарабұлақтықтар енді осы бағдарламаға үміт артып отыр.

Алмат ӘБДІРАМАН

Хабарламаларға жазылу