Ақмола облысындағы ең жас көпбалалы ана Көкшетау қаласында тұрады. Әсемгүл Қалижанованың 5 баласы бар. Оның 2-еуі қыз, 3-еуі ұл. Кенже балалары, яғни Еламан мен Ералы егіздер. Қазір бір жастан асқан.
Әсемгүл Қалижанова 27 жаста. Бір жыл бұрын егіз босанып, бірден көпбалалы атанып шыға келді. Үлкен қызы 9 жаста. 4-сыныпта оқиды. Әсемгүл балалардың сабағына да қарайласады, тамақ әзірлеп, үй шаруасына да үлгереді.
Әсемгүл Қалижанова, көпбалалы ана:
- Мен өзімді бақытты ана деп есептеймін. Жолдасым екеуміз осы 5 баламызды, бес бақытымыз деп санаймыз. Байлығымыз деп.
Шыңғыс пен Әсемгүлдің шаңырақ көтергеніне 10 жыл. Осы аралықта үлгілі отбасына айналды. Мемлекеттік қолдаудың арқасында көпбалалы жас отбасы бірнеше жыл бұрын 3 бөлмелі пәтерге қол жеткізді.
Балалар ес біліп қалды. Үлкендері анасына қолқанат. Ата-әжелерінің көз қуанышы, үлкен мақтанышы.
Әсемгүл Қалижанова кешегі әжелердің ізін абыроймен жалғап келеді. Ал, перзент үшін ана әрқашан да қадірлі, мейірімнің мәйегі.
Ермек ЕЛБЕРГЕН