Түркістан облысы Тұрбат ауылының тұрғындары түтінге тұншығып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысы Тұрбат ауылының тұрғындары түтінге тұншығып отыр

28.02.2019

Ауыл жұрты жылыжайлардан шығатын көмірдің улы газынан зәразап. 10 мыңға тарта тұрғыны бар елді мекендегі әрбір екінші үй ауласына жылыжай құрып алған. Оны жылыту үшін қыс бойы тонналап көмір жағады. Ауылға осыдан 7 жыл бұрын газ құбыры тартылған. Алайда, жұрт оның игілігін көре алмай отыр. Көшелерге тартылған газ құбырлары сәндік үшін қойылғандай, пайдаға аспай тұр.

Қызанақ егілген мына жылыжайды жылыту үшін қас қарайғаннан, таң бозарып атқанша көмір жағылады. Аязды күндері тіпті қиын. Бір гектардың ширегіне де жетпейтін жылыжайдың өзіне күн суытып, қыс түскелі 150 тоннадай көмір жағылыпты.

Эльдар Аширов, жұмысшы:

- Күніне 15-20 градусты ұстап тұрамыз. Сол үшін күніне 1,5 тонна көмір кетеді.

Тұрбат ауылындағы 100-ден астам үйдің ауласында тап осындай жылыжай бар. Жұрттың негізгі кәсібі де, табысы да осы. Қазір көлемі 34 гектарға жетті. Мамандардың есебінше, тек жылыжай үшін бір қыстың өзінде тұрбаттықтар 12 миллион тоннадан астам көмір жағады.

Қасым Орынбаев, Ауыл тұрғыны:

- Төбеден түскен түтіннің бәрі ауылда тұрып қалады. Ертесіне түске дейін тұрады. Әсіресе, қар жауған күндері. Бізге ақ қар емес, қара қар жауады. Кешке қарай далаға шығудан қалдық.

Кемел Айдаров, ауыл тұрғыны:

- 10 шақырымнан көрініп тұратын ауыл қазір көрінбейді. Далаға кір жаю мүмкін емес. Бала-шаға маскамен барады. Біз де маскамен жүреміз.

Экологияның нашарлығынан ауылда демікпе секілді тыныс жолдары ауруына шалдыққандар көбейген. Бір жұтым таза ауа үшін ауылды тастап, көшіп жатқандар да бар.

Нұрымбет Жамалов, ауыл тұрғыны:

- Бала-шағамызға зиян келіп жатыр. Аудан әкімі мұны шеше алмаймын деді. Сонда мұны кім шешеді?

Әкімдердің дәрменсіз екені рас. Жылда бар істейтіні тұрғындардың арызын негізге алып, экология мекемесіне ресми хат жолдайды. Биыл да қағаз толтырып, үйреншікті мекемеге тағы жіберді. Әзірге жауап жоқ.

Ерғали Есбаев, Тұрбат ауыл әкімдігінің заңгері:

- 2015 жылы ауыл тұрғындары тарапынан арыз түскен. Ол кезде де нәтиже шыққан жоқ. Бірақ келіп, экология қызметкерлері тұрғындармен түсіндіру жұмысын жүргізген.

Тұрғындар еркін тыныстау үшін жылыжайларды ауылдан 10-15 шақырым аулаққа көшіруді сұранып отыр. Немесе пештің мұржаларына арнайы сүзгі орнатылса дейді. Бірақ әзірге олардың бұл талабына құлақ асар ешкім болмай тұр.

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу