Астананың сол жағалауында тегін әлеуметтік дүкен ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астананың сол жағалауында тегін әлеуметтік дүкен ашылды

18.02.2019

«Qarqyn.kz». Астананың сол жағалауында тегін әлеуметтік дүкен ашылды. Бұл жерде баланың киім-кешегінен бастап тұрмыстық-техникалық заттарға дейін бар. Ашылғанына небәрі 2-ақ күн болса да, дүкенге өзінен асқан киім-кешек пен азық-түлікті әкеліп жатқан жомарт жандардың қарасы көп. Қазірдің өзінде бұл жерде шамамен 20-дан астам отбасына жететін зат бар.

Қатыгез қоғамда қайырымдылыққа асығатындар аз емес. Міне, олар. Сырттағы суыққа қарамастан, артынып-тартынып келіп жатыр.

Гүлзат Күлжұманова, қала тұрғыны:

- Бізде Қазақстанда көпбалалы отбасылар өте көп. Осындай жақсы орталықтар ашылып жатса, неге көмектеспеске.

Дүкенге кез келген киім-кешек пен тұрмыстық дүниелер қабылданады. Тек таза, әрі бүтін болуы шарт.

Берік Арыстанбаев, «Qarqyn.kz» әлеуметтік дүкенінің директоры:

- Барлығы алып келіп жатыр. Кәсіпкерлер, мемлекеттік органда жұмыс істейтін қызметкерлер де бар.

Қала тұрғындары керек-жарақты дорбалап әкелсе, жомарт кәсіпкерлер азық-түлікті қорабымен әкеліпті. Барлығы – күнкөрісі төмен отбасылар мен жетім-жесірлердің қамы. Тегін дүние тек тізімдегілерге берілмек.

Эльвира Жүргенбаева, Астана қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы:

- Біз көпбалалы аналардың базасын жасақтауға кірістік. Яғни, 5 баладан жоғары. Олар өздерінің аты-жөндерін қалдырады, ЖСН-мен. Қанша бала бар екенін көрсететін куәліктерінің көшірмесін өткізеді. Қандай көмек қажет екенін айтады.

Алдымен базада болуыңыз, екіншіден, қолыңызда жеке куәлігіңіз болуы тиіс. Бір адамға – бір киім. Азық-түлік те отбасындағы адам санына қарай беріледі.

Енді бұл жер кәдімгі дүкен болып ашылады. Мына заттар арнайы сөрелерге қойылады. Киім, ойыншықтар мен аяқ киімдер жинақталып, сұрыпталып, жеке-жеке қойылады. Тұрмысы төмен отбасылар бала-шағасымен келіп, бұл жерден қалағанын ала алады. Айта кету керек, бір отбасы айына тек бір рет киінуіне рұқсат беріледі.

Халыққа көмек қолын созып отырған «Qarqynға» мемлекеттен көмек жоқ әзір. Үш жылдан бері қайырымдылықпен айналысып жүрген «Шапағат» халықтық жобасының басшысы «мұндай игі істің өміршең болуы үшін мемлекеттік қолдау ауадай қажет»,-дейді. 3 жылда «Шапағат» жобасы елдегі 700 мыңға жуық тұрмысы төмен отбасын тамақтандырып, киімін бүтіндеген. Мұқтаж жандарға берілетін дүние көп, бірақ тарататын орын жоқ екен.

Нұрдәулет Оразхан, «Шапағат» халықтық жобасының Астана қаласы филиалының басшысы:

- Бір жағынан біз мемлекетке түсетін белгілі бір жүкті, ауыртпашылықты мемлекеттік емес ұйымдар өзімізге алып отырмыз. Мемлекет тарапынан қолдау ауадай қажет. Ғимарат болса, жұмыс жүргізуге болады.

Хан болсын, қараша болсын жақсылық жасау үшін қалтаның қалың болуы шарт емес. Тек, адами тұрғыдағы байлық жеткілікті. Ендеше, өзгенің алғысын арқалап, сауапқа кенелгіңіз келсе, Сығанақ көшесі, 15-ші үйге келіңіз.

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу