1946 жылдан бері өткізіліп келе жатқан Канн фестивалінде ТМД елдерінің бірде-бір актрисасы қол жеткізе алмаған «Үздік актриса» атағын жеңіп алған Самал Еслямова күллі қазақтың мақтанышы. Самалдың бұл жеңісінен соң Қазақстан мемлекеті туралы іздеп жүріп, оқитын шетелдіктердің үлкен шоғыры пайда болғанына күмән жоқ. Ал, Самал сомдаған «Айка» фильмі бүгінде «Оскарға» үміткер туындылардың тізімінде.
2008 жыл. Ресейлік режиссер Сергей Дворцевойдың «Тюльпан» туындысы. Самал - фильмдегі басты кейіпкерлердің бірі.
Бұл кинода Самал өз рөлінің реңін бұзбай, аса шеберлікпен сомдаса да, танымалдылықтың дәмін татпады. Алайда, актерлікті ардың ісі, жүректің қалауы деп білген қазақ қызы шығармашылықтан шеттемей, керісінше биікке өрлей берді.
«Айка» көркем фильміндегі басты кейіпкерді сомдау ұсынысы тағы да Самалға түсті. Ауыр әрі жауапты рөл. Кинотуынды бас-аяғы алты жыл түсірілді. Жасыратыны жоқ, бүгінгі актерлердің көбі алты жылда алты фильмге түсуді қалайды. Бірақ, Самал жалғыз рөлді сомдауға барын салды. Көрерменге беймәлім болып, тасада таудай талантын тарыдай дүниеге арнады. Дегенмен, Самал сомдаған «Айка» жарнамасы жер жаратын кинотеатрлардағы көп туындының бірі емес еді. Бұл елдің зейініне зілдей бататын ғана емес, елдің абыройын әлемдік аренада асқақтататын туынды болды.
Самал орыс ортасында өссе де, бойындағы қазақ қыздарына тән ибалық пен әркімге беріле бермейтін шынайылығын жоғалтпады. Актерлік даралық табиғатынан дарыған. Содан болса керек, бар-жоғы 2 фильмге түсіп үлгерген ол, талғамы мен талабы биік еуропалық киносыншылардың жоғары бағасын иеленді.
Қай кезде де маңдай тер еңбектің өтеуі болған. Халықаралық кинофестивалдерде Алаш елінің абыройын асқақтатып, әлем назары қазақ халқына бұрылып жатса, оны Самал Еслямованың тынымсыз ізденісі мен өнерге деген зор сүйіспеншілігінің жемісі деп бағалау керек. Самал талайды әлі де тамсандырары сөзсіз.
Фариза МҰСАҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.