Семейдегі көпқабатты үйлердің бірінде тұрғындар жылуға жарымай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семейдегі көпқабатты үйлердің бірінде тұрғындар жылуға жарымай отыр

11.02.2019

Қыс басталғалы пәтерлердегі температура 10-15 градусты ғана көрсетеді. «Ал, аязды күндері тіптен азынап, берекеміз қашады», - дейді тұрғындар. Жергілікті билікке шағымданғанымен, жөні түзу жауап жоқ деген көпшілік базынасын біздің арна тілшілеріне жеткізді.

Ғапур Ақылбековтың осы үйде тұрғанына 15 жылдан асқан. Онсыз да жылуы мардымсыз үй биыл қыс басталғалы тіптен азынап кеткен. «Суықтан қалтыраған шиттей бала-шағаның әбден берекесі кетті», -дейді ол.

Ғапур Ақылбеков, тұрғын:

- 9 мың төлеп отырмыз. Не үшін төлеп отырмыз біз? Біздің пәтер 14-15 градус. 12 градусқа дейін өткен аяздарда тіпті қатты суып кетті үйдің іші.

Ерлан Төлегетаев та, қыста жылы деп мақтаған соң, осы үйден пәтер сатып алыпты. «Алайда келгелі бойымыз жылымай, тоқ пеш қосып, жан бағып отырмыз», - деп налиды.

Ерлан Төлегетаев, тұрғын:

- Температураны өлшеп тұрамын. 10-12 градус. Бүгін 15 градус қана. Арыз жаз деді. Жазып бердік. Келіп қарады да, кетті.

Тұрғындар жылу маусымына ерте қамданып, қаржы жинап, құбырларды түгел ауыстыртқан. Жөндеу жасаған соң, жағдай түзеледі деп үміттенген жұрттың дегені болмады. Мардымсыз жылу үшін төлеп отырған ақыны да дауламаймыз. «Тек қыс біткенше жөні түзу жылу берсе болғаны», - дейді халық. Алайда, жауапты мекеме басшыларының сөзіне қарағанда көптің тілегі ескерусіз қалатын сыңайлы.

Қыс аяқталуға аз қалды деп тұрғындарды алдаусыратқанмен мәселенің шешілмесі анық. Өйткені синоптиктер шығыстың сақылдаған сары аяздары әлі де алда деген болжам жасап отыр.

Ержан ЖАҚЫП

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу