Аязды күндері астаналықтар бір-біріне көмек беруде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аязды күндері астаналықтар бір-біріне көмек беруде

07.02.2019

Бірнеше күн болды Астанада қыс қаһарына мініп тұр. Сарыарқаның сарышұнақ аязы енді келгендей. Мұндай күндері далада ұзақ жаяу жүре алмайсың. Автобустар лық толы. Келесісін сағаттап күтесің. Кешелі бері қала мешіттерінің қызметкерлері далада бүрсең қағып, тоңып тұрған жандарға қол ұшын беріп жатыр. Жұмысшыларға ыстық тамақ таратып, тұрғындарды үйлеріне көлікпен тегін жеткізіп жүр. Мұндай жомарттықты күтпеген кейбір азаматтар таңданысын да жасырмады.

Ыстық шай, тойымды тамақ. Аста-төк болмағанымен, бір түстеніп алуға болады. Азық салынған көлік көше аралап кетті. Қақаған суыққа қарамастан жолды мұнтаздай етіп тазалап жүрген азаматтарға жету үшін.

Жұмысшылар әуелде аяқасты келген қонаққа жатырқай қарады. Бұрылмастан жұмыстарын жалғастыра берді. Мешіт қызметкерлері оларға ыстық шай тасып, көңілдерін аулап жүр. Сәлден соң, тамаққа да бет бұрды. Іштері жылынған соң, көше тазалауды жалғастырып кетті.

Астаналықтар үшін тегін таксиге отыру қиял ғана. Әсіресе, осындай суық күндері. Ал, қалада кешелі бері 150-дей көлік тұрғындарды пұлсыз үйлеріне тасып жүр. Жамбыл облысынан қонаққа келген мына азамат елордада мұндай тегін қызметтің барына аң-таң.

«Жолаушылардың көбі тегін такси қызметіне әуелде күмәнмен қарайды, үйіне аман-есен жеткеннен кейін алғыстарын жаудырып жатады» - дейді еріктілер.

Мейірімділік акциясы мұнымен тоқтамақ емес. Алдағы күндері ауа температурасының әлі де төмен болатынын ескерсек, сіздің де жомарт жандарға кездесіп қалуыңыз әбден мүмкін.

Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу