Басты Жаңалықтар Елімізде суық ауа райы әлі бірнеше күн бойы сақталады

Елімізде суық ауа райы әлі бірнеше күн бойы сақталады

Қазақстанға қатты аяз келді. «Қазгидромет» орталығы бүгін-ертең еліміздің басым бөлігінде қар жауып, боран соғады деп ескертіп жатыр. «Бұл Карск теңізінен келген антициклонмен байланысты», - дейді синоптиктер. Бүгін түнде еліміздің солтүстік және шығыс өңірлерінде температура -45 градусқа дейін, ал, оңтүстік аймақтарда сынап бағанасы -30 градусқа дейін түседі. Үскірік аяздың салдарынан пойыздар тоқтап, жолдар жабылуда. Ел бойынша жүзге тарта адам үсік шалып, ауруханаға түскен.

Сақылдаған сары аяз үлкенді де кішіне де аяп жатқан жоқ. Астанада екі жасар бала үсік шалып ауруханаға түсті.  Ол №2 қалалық балалар ауруханасында емделуде. Денсаулығы орташа қалыпты. Кешеден бері елорда аумағында үсік шалу салдарынан 14 адам медициналық көмекке жүгінген. Барлығы да алғашқы жәрдем көрсетілгеннен кейін амбулаторлы емдеуге жіберілді.

Әйгерім Ардақ, Астана қалалық  Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:

- Үсік шалу салдарынан өлім тіркелген жоқ. Жедел түрде көрсетілген медициналық көмектің арқасында барлық көмекке жүгінгендердің үсік шалу салдарын алдын алу мүмкіндіктері болды.

Кеше ауа райына байланысты Ақмола облысында барлық жол жабылған еді. Алайда, Төтенше жағдай қызметінің толассыз ескерту хабарламарын елеместен, көліктер жолға шығып кеткен. Құтқарушылар соңғы екі күнде боран мен қардың құрсауында қалған 224 адамды алып шықты. Қазір аймақтағы бірнеше бағыт бойынша көлік қозғалысына шектеу қойылды. Арнайы штаб құрылып, құзырлы мекемелер күшейтілген тәртіпте жұмыс істеуде.   

Ербол Сағындықов, облыстық ТЖ департаментінің бөлім бастығының м.а.:

- 5-6 ақпан күндері 224 адам құтқарылды. 12 көлікті қардан алып шықтық. 187 адам жылыту орындарына жеткізілді. Жергілікті полиция қызметі мен атқарушы билік өкілдерімен тығыз байланыста жұмыс атқарудамыз. Облыс бойынша 239 жылыну және 167 тамақтану орны дайындалған. Тұрғындарды сақ болуға шақырамыз. Тәуекелге бармаған абзал.

Аяздың күшіне жүрдек пойыздар да шыдас бермей жатыр. Астанадан Қызылордаға бағыт алған  № 92 тальго пойызы орта жолда тоқтап қалды. Ол 300-ге жуық жолаушысымен Қарағанды облысының Айса станциясында бірнеше сағат тұрып қалған. Ары қарай жүруге жарамсыз болғандықтан, Қарағандыға қайтарылды. Жолда қалған азаматтар  Қарағандыда бірнеше сағат аялдап, қайта билет алып, әбігерге түсті. Тасымалдаушы компания билет құны 100 пайыз қайтарылады деп отыр. Енді  жұртты ары қарай діттеген жеріне жеткізу үшін, басқа пойызға қосымша вагондар тіркелді.  

Нұрәділ Айтмұхамбетов, жолаушы:

-Біз Ақадырда 4 сағат тұрдық. Ешкім ештеңе айтпады. Одан кейін азанға таяу бізге «Қарағандыға қайта ораламыз», деді. «Техникалық ақау бар», деді. Таңертең келдік. Пойыздың бригадирі бізді күтіп алады деді осында.

Бақыт Арнабол, «Жолаушылар тасымалы» АҚ Қарағанды учаскесінің басшысы:

- Ауа райының күрт бұзылып, аяздың күшейуіне байланысты пойыздан ақау шықты. Сондықтан, қауіпсіздік үшін кейін қайтаруға мәжбүр болдық. Билет құны 100 пайыз өтеледі. Жолаушыларды ары қарай үйлеріне жеткізу үшін «Астана-Сарыағаш» пойызына қосымша тағы 6 вагон тіркедік. Бұл пойызға билет тальгоға қарағанда арзандау.

 Ал, Қостанайда қызыл шұнақ аяз екі адамның өмірін жалмады. Алдымен Әулиекөл ауданындағы Чернигов ауылынан 29 жастағы келіншектің мәйіті табылған. Сол күні Денисов ауданындағы Перелески ауылында да дәл осындай оқиға болды. 50 жастағы әйел көшеде үсіп қалған. Екеуі де жолға шықпаған. Мүрделері ауыл арасынан табылып отыр.

Ирина Беженарь, Қостанай облыстық ІІД баспасөз хатшысы:

- Екі адамның да денесінде жарақат іздері жоқ. Яғни, олар кісі қолынан қаза таппағаны анық. Алғашқы болжам бойынша екеуі де үсіп өлген. Қазір жан-жақты сараптама жасалып, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

Синоптиктердің айтуынша, ел аумағындағы суық ауа райы әлі бірнеше күн бойы сақталады. Тек содан кейін аяздың беті қайтады деп болжануда. Алайда, температураның жоғарылауымен бірге қар жауып, бұрқасын жел болады.

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу