Аязды күні астаналықтарға тегін таксилер қызмет етті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аязды күні астаналықтарға тегін таксилер қызмет етті

06.02.2019

Қайырымды жандар қашан да қасыңнан табылады. Аязда дірдектеген астаналықтарға бүгін тегін таксилер қызмет етіп, ақ таңнан қара кешке дейін далада жұмыс істейтін жандарға ыстық тамақ берілді. Бір күннің ішінде 100-ден астам адам ыстық шайға бой жылытса, 150 астаналық діттеген жеріне дер кезінде жеткізілді. Тегін. Айта кетейік, «Астана – мейірімді қала»  атты мешіттер ұйымдастырған акцияға 100-ден астам ерікті атсалысып жатыр.

Жолаушы тегін таксиге алғыс айтуға асық. Бірақ, суықтан тілі күрмеліп жатыр. Сарышұнақ аяз бетті қарып, маңдайды жарып жібере жаздаса да, жүректі мұздата алмады. Қиын сәтте қайырымды жандар жетті көмекке.

Суықта дірдектеген халық сыртта ұзақ аялдамады. Қалада жүйткіген тегін таксилер дереу-дереу алып кетті. Тіпті, аялдамадан арнайы алып кеткен игі жандар да табылды.

Шыңылтыр аязға қарамастан, сыртта еңбек ететін елордалықтар да ұмыт қалмады. Көшедегі тазалықшылар мен құрылысшыларға ыстық шай мен тамақ ұсынылды.

Қуат Ерғалиұлы, «Әзірет Сұлтан» мешіті имамының орынбасары:

- Бүгін 120 адамға ас таратылды. 150-ге жуық адам тегін жеткізілді.

Мейірімді жандар Керекуден де табылды. «Мейірімді Павлодар» акциясын ұйымдастырған жастар бүгінгі суықта 300-ден аса адамды тегін тасыған.  

Күмісай Қайраққызы, Павлодар қаласының тұрғыны:

- Кеше 27 адамды үйлеріне апарып тастадық. Үшеуі ер адам және қалғаны әйел адамдар, жасөспірімдер. Білмейтіндер өте қуанды, суық болғандықтан, көліктерге отырып рахметтерін айтып, баталарын беріп жатыр. Енді бензинге кетірген шығынды шығын деп есептемеймін.

Айта кетейік, «Астана – мейірімді қала» акциясына қаладағы 10 мешіт және 100-ден аса ерікті елордалық атсалысып жатыр. Қайырымдылық шарасы бір аптаға жалғаспақ. «Ізгі амалдың қайтарымы – тек дұға және алғыс», - дейді еріктілер.

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу