Жайық өзенінде балық азайып кеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жайық өзенінде балық азайып кеткен

06.02.2019

Жайықтың жағдайы мүшкіл. Бүгінде өзенде балық қалмаған. Осыдан екі  ай  бұрын  Жайық өзенінде балық қырылып, су құрамынан аммиак табылған еді. Алайда, мамандар төтенше жағдайдың нақты себебін әлі анықтаған жоқ. Бүгін табиғат қорғаушылары мен  ихтиолог ғалымдар бірлесіп өзендегі балықтардың жағдайын бақылады.

Жандос Темірғали, тілші:

- Жайықтағы балықтың жүру қарқынын бақылау үшін өзенге 5 ау құралы құрылған. 17 қаңтардан бері күні бүгінге дейін мұз астынан бар-жоғы 9 дана тірі балық шығарылыпты.

Ауға түскен санаулы  балықты мамандар сол жерде тексеріп көрді. Ауру-сырқау анықталған жоқ. 

Мизам Абдошева, Балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ихтиологы:

- Қазір тексеріліп жатқан балықтардың ішкі құрылыстарының барлығы таза. Бауырлары да, қандары да таза. Сондықтан, олар Жайыққа теңізден келіп кірген деп есептейміз.

Мамандар ау құралдарын күнара тексереді. Теңізден кеп құйылған су маржандары  сиреген. «Бір кездері балығы тулаған Жайық өзенінде мұндай жағдай бұрын-соңды болған емес», - дейді олар.

Еламан Хабибуллин, Дамба инспекциясы бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

- Балықтың жаппай қырылып жатқан мезгілі өтті деп ойлаймын. Содан бері қарай, шығып жатқан өлі балықтар тек бірең-сараң. Балық неге болмай жатқанын білмеймін.

Бүгінге дейін өзен 110 тоннаға жуық өлі балықтан тазартылды. Төтенше жағдай тауарлы бекіре өсіру зауытына да өз кесірін тигізбей қоймады. Кәсіпорындағы қырылған бағалы балықтың саны 36 мың дана. Балықтар өңірдегі өндіріс орындары жіберген қалдық судан қырылды. «Жайықтағы апаттың алдын алмаса жағдай мұнан да ушығыуы мүмкін», - дейді ғалымдар.

Муфтах Диаров,  Қазақстан  ҰҒА академигі:

- АНПЗ, ТЕЦ бар, тағы басқа мекемелер бар. Олар әдейі техникалық қалдық су жібереді. Олардың құрамында авариялық нефтебитум тағы басқа бірдеңелер болса, олардың барлығы жерасты суына кетеді. Ал, топырақтың сулары Жайыққа құйылып жатыр. Одан басқа себеп жоқ. Бұдан да жаман жағдай болуы мүмкін, егерде іс жасамаса.

Зертханалық сынамалар Жайықтағы судың халық үшін қауіпсіз екенін көрсетті. Әзірге, өзен жағасынан өлі балық табылмады. Екі ай бұрынғы төтенше жағдайға қатысты екі қылмыстық іс қозғалды. Балықтың не себепті қырылғанын мамандар әлі дөп басып айта алмай отыр.    

Жандос ТЕМІРҒАЛИ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу