ШҚО-да жас ғалымдар адам сүйегін алмастыратын имплант жасап шығарды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-да жас ғалымдар адам сүйегін алмастыратын имплант жасап шығарды

06.02.2019

Шығыс Қазақстан облысындағы жас ғалымдар адам сүйегін алмастыратын имплант жасап шығарды. Олар енді таза құйма ретінде шетелге экспортталып келген титан мен тантал металын медициналық бұйым өндірісінде кеңінен қолдануды көздейді. Елімізде бұрын-соңды болмаған технологиялық жобаны Өскемендегі ірі металлургиялық зауыт пен университет ғалымдары  бірлесіп жүзеге асырмақ.

Денсаулық сақтау саласында отандық импланттарды қолданатын күн алыс емес. Өскемендегі техникалық универистетте бір топ жас ғалым титан мен тантал қорытпасынан имплант үлгісін 3D принтерде жасап шығарды. Жыл сайын еліміз қыруар ақшаға оны шетелден сатып алады. Өскемендік жас ғалымдардың жобасы өндіріске енсе медицинадағы бірқатар мәселе шешілмек.

Аманжол Тұрлыбек, техникалық университеттің аға ғылыми қызметкері:

- Бұл жоба қазіргі таңда аяқталып келеді. Оның ғылыми жағы аяқталды. Біз әзірлеу технологиясын ойлап таптық. Университет қана емес, Үлбі металлургиялық зауытпен бірге жасалған жоба. 1-2 жылда отандық имплант шығады.

Облыс жастарының осындай инновациялық ұсыныстары аз емес. Әлеуметтік және бизнес бағытындағы жобаларға арнайы байқау да ұйымдастырылған. Оған 500-ге жуық адам қатысты. Іріктелген 150 жобаға 150 миллион теңге көлемінде грант бөлінген. Жеңімпаз жастар үш кезеңнен тұратын арнайы тағылымдамадан өтеді.

Арайлым Есімбекова,облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры:

- Әрбір қатысушының жоғары білімі болса, 60 мың теңгеден, орта және арнаулы білімі болса, 40 мың теңгеден ай сайын шәкіртақы алып отырады. Енді осындай бірнеше кезеңнен тұратын оқудан өткен жастар ары қарай бизенестерін жасап кетеріне сенімдімін.

Шағын бизнестің  шапағытын көріп жүргендердің бірі - Салтанат Сармолдинова. Арнайы тағылымдамадан өткен соң сұлулық салонын ашқан. Бас-аяғы 1-2 жылда әжептеуір жетістікке жетіп, қазір 7 адамға тұрақты жұмыс беріп отыр.

Салтанат Сармолдинова, кәсіпкер:

- Негізі жастар осындай бизнеске аяқ басу үшін өте қорқады. Өздеріне сенім жоқ. Менің ойымша, алдыңа мақсат қойсаң, әр нәрсеге жетуге болады.

Өңірдегі жастардың осы жылға жоспары көп. Өйткені, Елбасы Үкіметке жас кәсіпкерлер үшін грант бойынша бөлінетін қаржы көлемін екі есе арттыруды тапсырды. Қолдау барда, белсенді жастар бизнесте өз бағытын тауып, ел экономикасын еселеуге өз үлесін қосуға құлшынып отыр. 

Берік КӨШЕРБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу