Қалың түскен қардан республикалық бағыттағы жолдар жабылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қалың түскен қардан республикалық бағыттағы жолдар жабылды

05.02.2019

Қалың түскен қардан республикалық бағыттағы жолдар жабылды. Көлік жүргізушілері не алға, не кейін жылжи алмай бір орында қаңтарылып тұр. Ал мамандардың айтуынша, ауа райы әлі де қолайсыз болмақ. Еліміздің кей жерлерінде тұман, көктайғақ, бұрқасын және желдің екпіні сақталады. Сондықтан, сапарға шығарда сақ болған дұрыс. Дегенмен, біздің түсірілім тобы трассаларға барып қайтты.

Нысаналы Ығыл, тілші:

Астанадан Щучинскке бет алған жолаушылар шеп бекетіне жақындағанда тірелді де қалды. Өйткені, көлік қозғалысы түгілі ақ түтек боран бет қаратпайды. Ал, көлік иелерінің қанша тұрары әлі белгісіз. Әркімнің басында әр түрлі жағдай.

Қолайсыз ауа райына тап болғандар арасында шет ел азаматтары да бар. Мысалы, мына швециялық азамат жақын жердегі қонақүйді іздеп жүр. Оған біреу қағазға мекен-жайын сызып берген. Сол бойынша кездескеннен көмек сұрауда.

Стейфан Вансон, Швеция азаматы:

Біз швециялық делегациямыз. Алматыдан келеміз. 200 немесе 500 метр жерде қонақүй бар деп еді. Соған жете алмай тұрмыз. Тынығып алып әрі қарай Ресейге шығуымыз керек. Әлемдік чемпионатқа қатысамыз. Бірақ полицейлер өткізбейді.

Жолда қаңтарылып тұрған тек жеңіл көліктер емес. Тонналап тауар тасымалдаушылар да тырп етпей қалды. Қырғызстаннан 20 тонна сәбіз тиеп шыққан мына жүргізуші жүкті уақытылы жеткізбесем жағдайым қиын,-дейді.  

Кирим Барлов, жүк көлік жүргізушісі /Қырғызстан/:

Жолды тазаламайды, қызмет көрсетілмейді. Міне, тұрғанымыз содан. Ал біздегі қалыпты температурамен жеткізілетін жүк. Қазір тоңазытқышты сөндіріп қойдым. Жанармай қатып жатыр. Не істерімді білмей далмын. 

Алина Рафаиловна, Қарағанды облысының тұрғыны:

Бұған дейін «аяз болады, желдің ұйытқуы бар», деді. Біз түнде жолға шыққанбыз. Ол кезде аяз -18 ғана болды. -35, -36 градус тіпті білінбеді. Енді мында келдік қауіпсіздігіміз үшін тұрғызып қойды. Олай болса ыстық шай бермей ме? Қажеттілігімізді өтемейміз бе? Балалардың қарны ашса қайтеміз?

Астана ғана емес, Теріскейде де республикалық маңыздағы жолдар жабылды. Жақын маңдағы ауылдарға қатынайтындар болмаса, алысқа сапар шегуге рұқсат жоқ.

Ал, Қостанайда трасса ашық. Алайда, сақтық шаралары күшейтілген. Өңірде бүгін түнде сынап бағанасы 43 градусқа дейін төмендеуі мүмкін. Сабақ тоқтатылды.

Нұрсұлтан Нұрахметов, Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі:

5-7-ші ақпан күндері еліміздің 10 өңірінде атап айтқанда Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Шығыс, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарында және Астанада ауа райы нашарлайды деп күтілуде.

Осы себепті жолға шығардан бұрын метеорологиялық жағдайды ұдайы назарда ұстаған абзал. Ал, егер жолда қалып, көмекке мұқтаж болсаңыз, 112 нөміріне хабарласу керек.

Нысаналы ЫҒЫЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу