Екібастұздағы раушан гүлдерін өсіретін жылыжай өнімдерін экспорттай бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Екібастұздағы раушан гүлдерін өсіретін жылыжай өнімдерін экспорттай бастады

05.02.2019

Екібастұздағы жылыжай кешені өз өнімін экспортқа жібере бастады. Сөйтіп ішкі нарықтағы импорттың 50 пайызын ығыстырып шығарды. Мұнда күніне 35 000 раушан гүлі жиналады. Одан басқа 5 гектар жерге қызанақ егіп, тәулігіне 8 тоннаға дейін өнім алып отыр.

Бұрын-соңды Керекуде раушан гүлдері өсірілмеді. Ал, қазір жайқалған әсем гүлдерді Ресейдің Мәскеу, Пенза сынды қалалары тапсырыс беріп алдырады. Себебі отандық өнімнің сапасы атақты Голландия гүлдерінен кем емес.

Ольга Олей, агроном көмекшісі:

- Өніміміздің басым бөлігі Ресейге экспортталады. Екібастұз бен Павлодар қалалары үнемі алып жатыр. Бұл гүлдердің ерекшелігі - екі аптаға дейін бастапқы қалпын жоғалтпайды. Өйткені технологиясы мықты. Тамшылатып суару арқылы минералды мақтада өсіреміз.

Жаңашыл жобаның ерекшелігі көп. Мәселен, 5 гектар алқапта табиғи климат орныққан. Тіпті, қанатты жәндіктер мен топырақ қоңыздарына дейін бар. Ал, күн сәулесін алмастыру үшін арнайы әдіс қолданылады.

Раушан гүлі жарықты жақсы көреді. Сондықтан жылыжайда заманауи ультракүлгін лампалар қолданылады. Олар таң атып, күн шыққан кезде сөнеді, күн ұясына қонар кезде автоматты түрде қайта қосылады. Тағы бір ерекшелігі - мұнда күндіз-түні жеңіл музыка ойнап тұрады.

Жылыжай қуат өндіруші кәсіпорынмен көрші. Сондықтан электр энергиясы мен жылу тарифі арзан. Соның есебінен өнімнің өзіндік құны да төмен.

Айжан Мукушева, гүл өсіруші:

- Раушан гүлі тікенді гүл болғанымен, адамға көңіл күй, қуаныш сыйлайды. Сондықтан біз осында жұмыс істейтінімізге өте қуаныштымыз. Осы гүлдерді дүкендерден көргенде қуанамыз. Жүрегімізге жылу ұялайды. Бұл - біздің еңбегіміз.

Былтыр жылыжай кеңейтіліп 5 гектар жерге қызанақ егілді. Бұл өнім де Голландия технологиясы бойынша өсіріледі.

Ал, биылдан бастап егістік алқаптары үш есеге ұлғаймақ. Өйткені экологиялық таза өнімге сұраныс көбейді.

Әсел Садықова, жылыжай кешені директорының орынбасары:

- Қазіргі уақытта біз 20 гектар жылыжай салып жатырмыз. Ол екі модульден тұрады, 10 гектардан. Осы жылыжайларда біз қызанақ пен қияр өсіреміз. Біздің мақсатымыз - импортты ығыстырып, халқымызды өз өнімімізбен қамтамасыз ету.

Қазір жылыжайда 160 адам еңбек етеді. Ал, жыл аяғына дейін тағы 300 адам тұрақты жұмысқа қабылданады.

Болат АМАНБАЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу