Басты Жаңалықтар Қостанайда қала ішіндегі кей шағын аудандарда жол төселмеген

Қостанайда қала ішіндегі кей шағын аудандарда жол төселмеген

Қостанай қаласының шеткі аудандарында жол салынбаған, қоғамдық көлік сирек жүреді. Әсіресе, жер телімін алып жаңадан баспана тұрғызған жұртқа қиынға соғып тұр. Яғни, тұрғын үйлер салынғанымен инфрақұрылым жүйесі әлі бір қалыпқа келмеген. Күн тәртібіндегі күрделі мәселелері жайлы әкімнің халыққа есеп беру кездесуінде айтылды.

Бұл Достық шағынауданындағы жаңадан пайда болған көшелердің бірі. Жолға асфальт  төселмеген. «Қазір қатып жатқан топырақ күн жылыса жібіп, ми батпаққа айналады», - дейді тұрғындар. Жол болмаған соң мұнда 1,5 сағатта бір жүретін автобус та келмейді. Сондықтан,  шақырымға жуық жердегі аялдамаға жаяулап жетуге тура келеді.

Қанат Ахметов, қала тұрғыны:

-  Мына жер сай. Көктемде су жиналады. Батпақтан жүре алмаймыз. Аулаға да су кіреді. Балаларымызды мектепке арқалап апарамыз.

Тұрғынүйлер табиғи газбен, орталық су желісімен қамтылған. Алайда, құдықтардың беті талапқа сай жабылмапты. Автокөлік дөңгелегімен бүркей салған. Содан болар құбырдағы су жиі қатып қалады.

Олег Кычыков, қала тұрғыны:

- Коммуналдық қызметкерлер шақырғанда келіп, қатқан суды жібітіп кетеді. Бірақ, мұнымен мәселе шешілмейді. Бірер күннен соң су тағы қатып қалады.

Тұрғындар бұл мәселелерді шағынауданға арнайы келген қаланың атқамінерлеріне де айтты. Билік өкілдерінің айтуынша, көшелерді асфальттауға арналған жоба былтырдан бастап жүзеге асуда. 

Айдар Хұсайынов, Қостанай қаласы әкімінің орынбасары:

- Жоба құны 1 млдр. 654 млн. теңге. 218 млн. 500 мың теңгені былтыр игердік. Биыл белгілі бір бөлігі жұмсалады. Жол төсеуге қолайлы жылы уақыт біздің жақта аз болғандықтан, біз қаржыны бір жылда игере алмаймыз.

Яғни, 2020 жылға дейін шағынаудандағы көшелердің 14 шақырымына асфальт төселеді. Сонымен қатар, автобустардың жүру уақытының аралығы 1,5 сағаттан жарты сағатқа дейін азаяды. Ал, жалпы Қостанай қаласы бойынша 5 көшенің жолы қайта жаңартылып, 13-і жөнделеді. Бұл мақсатқа бюджеттен 3,5 млдр. теңгеге жуық қаржы қарастырылған.  

Дәуренбек ӘБДІБЕК

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу