«Жастар» жылына орай, еріктілердің стипендиясы 30 пайызға өседі. Бұл туралы алматылық студенттермен кездескен Мәжілістің вице-спикері, «Нұр Отан» партиясының фракция жетекшісі Гүлмира Исимбаева айтты. Кездесуде депутаттарға жастардың жаңа бастамалары таныстырылды.
Гүлмира Исимбаева бастаған топ алдымен «Жастар ресурстық орталығында» болды. Мұнда еріктілер, жас суретшілер мен дизайнерлер, болашақ кәсіпкерлер мен фрилансерлер де бар. Орталықта ауылдан келген жастарды бейімдеу, мемлекеттік тілді оқыту кабинеттері де жұмыс істейді.
Гүлмира Исимбаева, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары:
- Жастарға өте жақсы мүмкіндік жасалып отыр. Осы стартап жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік жасау үшін оларды толық салықтан босатқан болатынбыз. Оның өзі де жастарға деген үлкен көмек деп ойлаймыз.
Кездесуде жастар Мәжілісмендерге жаңа интеллектуалдық бағдарламаларын көрсетіп, тыныстырды. Мәселен, Дастан Рахатовтың «Бозбала» жобасы 12 жастан асқан балаларға арналған. Осы арқылы кез келген оқушы қарапайым роботтарды үйінде отырып-ақ, құрастыра алады.
Дастан Рахатов, халықаралық IT университетінің түлегі:
- Негізі осы жобаларды жасап үйренсе, әр бала өз үйіне әр түрлі құрылғы жасап үйреніп алуына болады.
Сонымен қатар, депутаттар қаладағы Урбанистика орталығына да барып, жас мамандармен жүздесті.
Дархан Мыңбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Жастар жылы ғана емес, барлық жылдың өзінде де кез келген адам үшін рухани жаңғыру басты міндет болуы керек. Бұл жердегі жастарға жасалған жағдайдың барлығымен кез келген уақытта өнермен, біліммен басқа елдерден озамыз.
Депутаттар Алматының жастарымен осы аптаның жұмасына дейін түрлі шараларды бірге өткізбек. Бұдан басқа, олар алдағы уақытта базар маңын жағалап, ауыр жұмыс істеп жүрген жастармен де жүздеспекші.
Аманкелді СЕЙТХАН
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.