Мемлекеттік қызметкерлер үшін енді жұмыста кідіруге де жол жоқ. Олар белгіленген уақыттан артық қызмет орнында бөгелмеуі тиіс. Баршаға ортақ бұл талапты орындау үшін Мемлекеттік қызмет агенттігі тарапынан Қостанай облысында бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылды. Соның арқасында кеңседен кешігіп шығатындардың қатары қазір едәуір азайған.
Қазыбек Бексұлтанов мемлекеттік қызмет саласында 12 жылдан бері еңбек етіп келеді. Қазір Мемлекеттік қызмет көрсетуді қадағалау басқармасының бас маманы. Күніне бірнеше мекеменің құжаттарын тексеріп, оның нәтижесін қағазға түсіреді. «Бұрындары кешкі сағат 9-10-ға дейін кеңседе отыратын кездеріміз аз емес еді», - дейді ол. Жаңа жүйе осылайша қызметкерлердің жұмыста жіпсіз байлануына жол бермейді. Белгіленген уақытта барлық компьютерлер автоматты түрде өшіріледі.
Қазыбек Бексұлтанов, мемлекеттік қызметкер:
- Қазір дәл 18:30-да жұмыстан шығамын. Соңғы төрт айда өмірім күрт өзгерді деуге болады. Отбасыма көбірек көңіл бөлемін. Білімімді жетілдіріп, денсаулығымды күтуге де мүмкіндік бар. Ағылшын тілі курсына барып жүрмін.
Жұмыс күнінен соң отбасымен шүйіркелесіп отырудың өзі бір ғанибет. Бассейнге барып, суға шомылып, сергіп қайтуға да уақыт табылады.
Сәуле Бексұлтанова, жұбайы:
- Ол үй шаруасына да көмектеседі, балаларға да қарайды. Үлкенімізді спорттық үйірмеге апарады. Бұрын мұның бәрі толық менің мойнымда еді.
Қостанай облысында 744 мемлекеттік мекеме болса, соның 30 пайызы компьютерлерді автоматты түрде өшіру құрылғысымен қамтылған. Ал, 100-ге тарта мекемеге қызметкерлердің кірген-шыққанын электронды түрде тіркейтін қондырғы қойылған. Мұның сыртында агенттік қызметкерлері тұрақты түрде тексеру жүргізіп отырады. Нәтиже жаман емес.
Мэлс Абдрахманов, облыстық Мемлекеттік қызмет саласын бақылау басқармасының басшысы:
- 2018 жылдың 4 айында жұмыс уақытынан тыс қызмет атқару уақыты 406 сағат болса, яғни, қыркүйекте 163, қазанда 155, қарашада 55, ал, желтоқсанда 37 минут болып, азайып отыр.
Сондай-ақ, 84 мекемеге икемді жұмыс кестесі енгізілген. Яғни, кешке ерте кеткіңіз келсе, таңертең жұмысқа ерте келесіз. Немесе түскі үзілістен де уақыт үнемдеуіңізге болады. Басты мақсат – қызметкердің уақытын ұрлаудың жолын кесіп, азаматтық құқын қорғау.
Дәуренбек ӘБДІБЕК
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.