Кәсібі өрге басқан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кәсібі өрге басқан

01.02.2019

Елдегі кәсіп иелеріне қаржылай қолдаудың арқасында алдағы 6 жылда жаңадан 20 мың жұмыс орны ашылады. Бұл - 2025 жылға дейін жалғасатын «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының жемісі. Жақында өткен Үкімет отырысында да Мемлекет басшысы осы шағын және орта бизнесті дамыту мәселелеріне тоқталып, бірқатар тапсырма берген-ді. Бүгінде елордада кәсібін дөңгелетіп отырған азаматтармен тілшіміз тілдесіп келді.

Гүлдана Өтемісова осыдан 1 жыл бұрын жоғары бәсекелестікке қарамастан, жеке бизнесін бастап, балабақша ашты. Кәсіпкерліктің қыр-сырын алғашында «Даму» қорының мамандары үйреткен. Бүгінде бұл орталықта 50 шақты бүлдіршін тәрбиеленеді.

Гүлдана Өтемісова, балабақша басшысы:

- Басында, әрине, оңай болған жоқ. Құжаттарды жинау, оны рәсімдеу. Бұл жердегі мемлекеттің үлкен көмегі – түсіндіріп беру. «Halyk Bank» бізге 6 айға жеңілдік берді. Аяққа тұрып алуға көмектесті. Сол айдан бастап нақты несие төлей алмаушы едім. Өйткені бала аз болды, қазір бала жиналды.

«Бизнестің жол картасы» аясында осы уақытқа дейін 385 миллиард теңге бөлінген. Нәтижесінде 20 мыңнан астам жобаға қаржылай қолдау көрсетілді. Бағдарлама аясында 180 мыңға жуық кәсіпкер тиісті білімін алды.

Кәсібіне Үкіметтен жәрдем алып, шаруасын дөңгелетіп отырғандардың бірі – Дархан. Ол жиһаз құрастыруда пайдаланылатын түрлі бояу мен фурнитураларды сатумен айналысады. Шикізатты шетелден әкеліп, еліміздегі жиһаз сататын 100 шақты компаниямен тығыз байланыста жұмыс істейді. Дархан жеңілдетілген несие алғалы бері капиталын 5 есеге өсіріп үлгерген.

Дархан Жұмағазы, мекеме басшысы:

- Қазақстанның ішкі нарығында өздерінің шығаратын жақсы бұйымдары жоқ. Жиһаз шығаратын процестерді жеңілдетсек деген ой келді. Осылайша шағын бизнес ашуға талпындым.

Өз ісін бастаймын дегендерге қолдау әрқашан да бар. Өйткені еліміз ішкі жалпы өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесін 28,2 пайызға дейін жеткізбек ойда. Тек айналысатын ісіңнің мақсаты мен болашағын көре білсеңіз болды.

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу