Әрбір судья өздері шығарған шешімдері үшін дербес жауап беруге міндеттелмек. Жоғарғы Сот халықтың соттарға деген сенімін арттырудың жан-жақты амалын қарастыруда. Еліміздегі сот істерінің көлемі қанша? Судьялардың жүктемесі қандай?
Ербол Мәндібек, тілші:
- Соттарда қаралатын істердің саны екі еседен артық өсіпті. Мәселен, 2017 жылы азаматтық және қылмыстық істердің саны 2 миллионға жуықтаса, 2018 жылы 4,5 миллионға жеткен. Олардың 70 пайызы - азаматтық істер. Яғни, соңғы жылдары қазақстандықтар арасында ұсақ-түйек дау-дамайлар көбейіп кеткен. Нәтижесінде соттардың жүктемесі шамадан тыс артқан. Осы мәселені бірыңғайлау үшін бірнеше заңнамаға өзгерістер енгізілуде. Мысалы, жаңа жылдан бастап аса даулы емес істер нотариаттардың құзыретіне берілуде.
Елена Максюта, ҚР Жоғарғы Сотының судьясы:
- Мәселен, пәтер иелері кооперативіне ақша төлемейтіндер бар. Бұған дейін ПИК өкілдері қарызды өндіріп алу үшін сотқа жүгінетін. Енді сотқа барудың қажеті жоқ, құжаттарын алып, нотариусқа барады. Нотариус сол күні сот орындаушыларына атқарушы жазбасын жөнелтеді.
Сонымен қатар, соттардың кейбір құзыреттері прокуратураға берілуде. Атап айтар болсақ, банктік есепшоттарды санкциялауды енді прокурорлар атқаратын болады. Мұның барлығы бірінші кезекте сот саласының жұмысын жеңілдету үшін емес, жетілдіру үшін жасалып жатқаны айтылды.
Асқаржан Кенжеғалин, ҚР Жоғарғы Сотының судьясы:
- Қылмыстық істер бойынша былтырғы жылы ақтау үкімдерінің саны екі есеге өсті. Былтыр Жоғарғы Соттың кассациялық алқасымен 51 адам ақталып шықты. Жоғары Сот 11 заң жобасын әзірлеу жөнінде бастама көтеріліп, ол заң жобалары әзірленіп, оның үшеуіне қол қойылса, төртеуі Парламенттің қарауында жатыр.
Мамандардың айтуынша, сот саласындағы заңнамалар негізінен татуластыру тетіктерін қарастырады. Сондай-ақ, сот төрелігін дамытуға бағытталған. Дәл қазір Жоғарғы Соттың кеңейтілген кеңесі өтуде. Бұл жиында соттардың артықшылығы емес, кемшілігі көбірек айтылып, оны шешудің жолдары талқылануда.
Ербол МӘНДІБЕК
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.