Алматыда Түркі Кеңесі Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар министрлерінің отырысы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда Түркі Кеңесі Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар министрлерінің отырысы өтті

31.01.2019

Елімізде интернетті пайдаланушылардың саны соңғы 10 жылда 8 пайыздан 76 пайызға артқан. Бұл туралы Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев айтты. Алматыда өткен Түркітілдес мемлекеттері ынтымақтастық кеңесі инфо-коммуникациялық технологиялар министрлерінің отырысына қатысқан ведомство басшысы Қазақстанда электронды үкімет жүйесі қарқынды дамып келе жатқандығын жеткізді. Ал, жиында осы цифрландыруға қатысты мамандар мен сарапшылар түркі мемлекеттерін толғандырған ортақ мәселелерді ортаға салды.

Бұл Түркі кеңесінің Ақпараттық-коммуникациялық технологияларына жауапты министрлерінің үшінші отырысы. Түркия, Қырғызстан, Әзірбайжан және Венгриядан келген мамандар 4 мәселені күн тәртібіне қойды. Атап айтсақ, киберқауіпсіздік, электронды үкімет, спутниктік қызметтер және «TASIM» жобасы, яғни, талшықты инфрақұрылым.

Дәурен Абаев, ҚР ақпарат және коммуникациялар министрі:

- Әзірбайжандық әріптестеріміздің бастамасы бойынша трансеуразиялық суперақпараттық магистраль құру жөніндегі жоба туралы айтқым келеді. Оның мақсаты - Еуразиялық елдердің аумағын қамтитын талшықты оптикалық трансұлттық желі орнату. Транзиттік желі алты мемлекеттің аумағымен өтеді деген жоспар бар.

Қазір әлем халқының 52 пайызы интернетті қолданады. «Бұдан күн санап сандық жүйенің маңызы артқандығын аңғарамыз. Бірақ, біз бар мүмкіндікті тиімді пайдаланып отырған жоқпыз», - деді Дәурен Абаев. Сондықтан, қазір Түркі кеңесінің алдында тұрған міндет көп.

Бағдат Әміреев, Түркітілдес мемлекеттері ынтымақтастық кеңесінің бас хатшысы, дипломат:

- Ең бастысы, түркітілдес мемлекеттердің қарым-қатынасының экономикалық маңызына көп көңіл бөлу. Мысалы, инвестициялық қор құру. Сондай-ақ, сауда және өндіріс палаталарының ортақ ұйымын ашу.

Отандық мамандардың сөзінше, Қазақстан былтырдан бері «Цифрландыру» бағдарламасын іске асырып жатыр. Ауқымды жоба бойынша қазіргі заман талабына сай ақпараттық коммуникациялық технологиялар ландшафты қалыптасты. Осы арқылы көрші елдермен де қауіпсіздік мәселесі жолға қойылып келеді.

Бақыт Шаршембиев, Ақпараттық технологиялар және байланыс комитетінің төрағасы:

- Біз Қазақстанмен өте тығыз байланыстамыз. Бүгінгі таңда шекара маңында интернетті пайдалану бойынша мәселелер көп. Әсіресе, киберқауіпсіздік өте маңызды түйткіл. Сондықтан, одан бірігіп қорғану керек.

Цифрлы технологияларды меңгеру - заман талабы. Сондықтан, мұндай үрдістен қалыс қалмау үшін ақпараттық технологиялар саласында əріптестікті күшейту аса маңызды. Түркі кеңесі Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар министрлерінің ортақ пікірі де осы.

Аманкелді СЕЙІТХАН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу