Семейде көпқабатты үйлердің тұрғындары жылу қазандығынан шыққан қара күйеге тұншығып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семейде көпқабатты үйлердің тұрғындары жылу қазандығынан шыққан қара күйеге тұншығып отыр

31.01.2019

Семейде көпқабатты үйлердің тұрғындары жылу қазандығынан шыққан қара күйеге тұншығып отыр. Ауаның ластанғаны былай тұрсын, аулада аяқ басар жер қалмаған. Төңірек түгел түтіннен тарайтын шаң-тозаңмен, күйемен көмкерілген. Жергілікті биліктен қайран болмаған соң, жұрт жоғарыдан көмек сұрайды.

Ержан Жақып, тілші:

- Тұрғындар бірнеше жылдан бері қазандықтан ұшқан қара күйеден зардап шегіп келе жатырмыз дейді. Әсіресе, жағдай жылу маусымы басталған кезде ушығатын көрінеді. Айналаның ластанғаны соншалықты, қазір аппақ қар қап-қара түске боялған. 

Жылу орталығының айналасындағы бірнеше үйдің маңы осындай адам көргісіз. Әсіресе, қазандыққа ең жақын орналасқан үйдің тұрғындары «әбден қиналдық», дейді.

Зәуре Еңсебаева, тұрғын:

- Екі балам пневмония. Күйе жауып жатыр. Далаға киім іле алмаймыз. Балалар ойнай алмайды.

Әлия Құдайбергенова, тұрғын:

- Жылу энерго орталығы біздің үйдің аумағына қарай жылжып кеткен. Олардың қабырғасы мен біздің үйдің ара қашықтығы бірнеше метр ғана. Бұл ешқандай санитарлық талаптарға сай келмейді.

Қазандықтан шыққан қара күйе жұртты жылдар бойы діңкелетіп келеді. Жылу орталығы қайта жөнделді, бірақ жағдай түзелмек түгілі, екі жылдан бері тіпті ушығып кеткен. Мұржалардан будақтап шыққан қою қара түтін мен қоймаға түсірілетін мыңдаған тонна көмірдің шаңы төңіректі тұмашалап алған. «Жылукомунэнерго» мекемесінің басшылығы тұрғындар қанша шағымданса да, жағдайды реттеуге құлықсыз.  

Николай Демин, «Жылукомунэнерго» МКМ директорының өндіріс бойынша орынбасары:

- Ұшып жатқан шаң-тозаңды толықтай басуға біздің қауқарымыз жетпейді. Қаншама вагоннан көмір аударылады. Жылына 300-400 тонна көмір түсіреміз.

Жұрт жергілікті әкімшіліктен де көмек сұраған, алайда мәселенің жуықа арада шешілер түрі жоқ.  

Елена Проскурикова, қалалық ТҮКШ бас маманы:

- Мәселені білеміз. Бірақ, тұрғындарды көшіре алмаймыз. Алдағы уақытта түйткілді мемлекеттік басқа құрылымдар бірлесе отырып шешуі мүмкін.  

Қысы-жазы қара күйге қақталған жұрт енді не істерін білмей дал. Билік басқа жаққа көшірмесе де, ауаны ластамау үшін бір лажын табар деп үміттенеді.  

Ержан ЖАҚЫП

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу