Затобол кентінде 10 жылдан егде адам тоғай арасында өмір сүріп келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Затобол кентінде 10 жылдан егде адам тоғай арасында өмір сүріп келеді

29.01.2019

Қостанай облысында қыстың қақаған суығында егде жастағы ер адам тоғай арасында тұрып жатыр. Куәгерлердің  айтуынша, оның мұндай күйге түскеніне 10 жылдан асқан. Орман ішінен өзіне шағын үйшік те соғып алыпты. Алайда, оның бұл «баспанасын» адам  тұратын жер деуге келмейді. 

Дәуренбек Әбдібек, тілші:

- Қазір біз Қостанай қаласы мен Затобол кентінің ортасындағы ағаштың арасында келе жатырмыз. Бұл жермен көлік жүре алмайды. Сондықтан, оны жол бойына тастап кеттік. Жол бастаушымыздың айтуынша, «орман адамының» тұрағына жету үшін осындай омбы қармен әлі 200 метрдей жүру керек.

Затобол кентінің тұрғыны ағаш арасында атпен серуендеп жүріп, кездейсоқ осы үйшіктің үстінен түсіпті. Бізге жол көрсеткен де сол кісі. Түсіру тобы келгенде «орман адамы» үйшігіне от жағып, ас қамдап жатыр екен. Толық аты-жөнін айтпай, өзін «Миша» деп таныстырды. Сөзіне қарағанда кезінде отбасы, баспанасы, бала-шағасы да болған. Мұндай күйге ішімдіктің кесірінен түскенін туралап болмаса да, тұспалдап жеткізді.

Айтуынша, ағаш арасын пана еткеніне 10 жылдан асыпты. Ас-ауқат пен киімді қоқыстан табады. Тазалыққа көп бас қатыра бермейтін сыңайлы. Өз бетінше ешқайда көмек сұрап бармаған. Мұны да ешкім іздеп келмеген. Тек бір рет полиция қызметкерлері жауап алыпты.

Миша:

- Осы маңайда бір қыз баланы өлтіріп кетті. Сонда полиция қызметкерлері келіп жауап алды. Сол күні не көрдің, не қойдың деп. Менің ешкімге зиянсыз екенімді байқаған соң кетті.

Затобол кентінің әкімдігіндегілер ауыл іргесіндегі ағаштың арасын паналап жүрген адам бар екенін білмейтін болып шықты. Себебі, оларға бұл жағдай туралы ешкім хабарламаған. Бізден естіп білген соң ер адамды дереу іздеп тауып, барынша көмек көрсететіндерін жеткізді.

Марал Молжігітов, Затобол кенті әкімдігінің қызметкері:

- Бірінші кезекте оған уақытша тұратын жатақхана тауып беруге тырысамыз. Екіншіден, құжаттары болмаса, құжаттандырып, жеке басын куәландыратын қағаздарын қалыпқа келтіреміз. Одан әрі мүмкіндігіне қарай жұмыспен қамтып, ел қатарлы тірлік кешуіне жағдай жасаймыз.

Кісікиік Мишаның өзі жылы орын ұсынатын жан болса, сонда барып паналағысы келеді. Себебі, қазіргі жағдайда оның өміріне төнер қатер көп екенін жақсы түсінеді. 

Дәуренбек ӘБДІБЕК

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу