ШҚО-дағы Қызыл кесік ауылының жастары өз күштерімен елді мекенге ғаламтор орнатты
«Цифрлы ауыл» жобасын жұмыссыз жүрген үш жігіт іске асырған. Олар 1 миллион теңге шамасында грант ұтып алған. Ғаламтордан бөлек, жергілікті халық үшін фотосалон ашқан. Ол үшін ауылдастарынан бір тиын ақы алмайды.
Ержан Жақып, тілші:
- Қызыл кесік Шығыс Қазақстандағы ең шалғай жатқан ауылдардың бірі. Тек аудан орталығының өзінен 100 шақырым қашықта. Мұнда мектеп, аурухана, балабақша сынды әлеуметтік нысандардың барлығы бар. Тек ауыл жұртшылығы талай жылдан бері ғаламторға қол жеткізе алмай жүрген. Мұны жақында ауылда жұмыссыз жүрген үш дос шешіп берген.
Бірі заңгер, бірі дизайнер енді бірі ауыл шаруашылығы саласының маманы. Ауылдастары оларды Қызыл-кесіктің хакерлері деп әзілдейді. Қаладан лайықты жұмыс таппаған жігіттер «елге пайдамыз тисін», деген ниетпен ауылға келген. Бос жүрмей «Жас project» жобасына қатысып,грант ұтып алған.
Мақсат Заманбеков, «Цифрлы ауыл» жобасын ұйымдастырушы:
- Бізге бірінші траншта 3 айдың ішінде 470 мың берді. Оны толығымен интернет құрылғысына жібердік. Үш айдан кейін екінші транш бөлінді - 370 мың. Біз оларға компьютер, принтер, фотоаппарат сияқты құрал-жабдықтарды алдық.
Ғаламтор қосылғалы, ауылдағы бос қалған шағын ғимараттан адам аяғы үзілмейтін болды. Алыстағы ағайынмен хабарласып, ғаламтор көмегімен талай шаруасын тындырады. Еgov.kz порталы арқылы аудан, қалаға бармай-ақ6 керек анықтамасын алып отыр.
Назерке Қайырбекова, Қызыл кесік ауылының тұрғыны:
- Балабақшада қызмет атқарамын. Осы жерге келіп, интернеттен көптеген мәліметтер аламыз. Электронды поштаны пайдаланамыз. Бала-шағамызбен сөйлесеміз.
Ғаламтормен қатар, фото қызметі де тегін. Құжатқа қажет суретті де, басқасын да басып береді. Ғаламтор пайда болғалы, қолдары қалт етіп босай қалса, бала біткеннің бәрі осы жерден табылады.
Еркебұлан Мейрамбеков, оқушы:
- Whatsapp желісі арқылы сөйлесіп, өзімізге керек мағлұматтарды интернеттен алып, кәдемізге жаратып жатырмыз.
Көп ұзамай үш дос өзге де әлеуметтік жобаларды қолға алып, ауыл тұрмысының түзеле түсуіне атсалыспақ.
Ержан ЖАҚЫП
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
