Ауызсу мәселесі шешімін тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауызсу мәселесі шешімін тапты

28.01.2019

Қарағанды облысының Жәйрем кенті мен Қаражал қаласында көптеген жылдар бойына созылған ауызсу мәселесі біржола шешімін тапты. Ішер судан тапшылық көрген тұрғындар үшін бұл - үлкен қуаныш. Ауызсу іргедегі Тұзкөл деген жерден тартылды. Бұл аумақта жерасты суының қоры мол болғандықтан, қос елді мекенді тіршілік нәрімен тұрақты түрде қамтамасыз етуге әбден болады.

Бұрын тұрғындарға су аптасына үш мезгіл берілетін. Бұл қала мәртебесі бар Қаражал мен облыстағы ең үлкен кенттердің бірі - Жәйрем халқы үшін өткір мәселе еді.

Әбдірасыл Рахым, Қаражал қаласының тұрғыны:

- Жаздың ыстық күндері аптасына үш мезгіл ғана су беретін. Оның өзі 1,5-2 сағат қана береді. Ащы, кермек татыған суға зәру болатынбыз.

Ал, қазір жағдай мүлдем өзгерген. Әр үйге су келіп тұр. «Үйдің берекесі кірді», - дейді қала тұрғыны Қаламқас Сейтенова.

Қаламқас Сейтенова, Қаражал қаласының тұрғыны:

- Су ағып тұр. Енді көше аралап, тасымаймыз. Қуанып отырмыз.

Іргелес жатқан қос елді мекенде 19 мыңнан астам тұрғын бар. Жәйрем мен Қаражал жұртын ауызсумен қамту үшін республикалық бюджеттен 3 миллиард теңгеден аса қаражат бөлінген. Бұл қаржы жерасты су қоры мол Тұзкөл аумағынан қосымша 41 ұңғыма қазуға және одан елді мекендерге дейін 73 шақырым құбыр тартуға жұмсалды. Сондай-ақ, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы арқылы су соратын станциялары қайта қалыпқа келтіріліп, кент пен қаланың ішкі су жүйесі құбырлары жөнделді.

Балдай Мусин, «Горкомхоз» КММ директорының міндетін атқарушы:

- Ескі су жүйесі 70-ші жылдары салынған. Жарамдылық мерзімі әлдеқашан өтіп, құбырлары әбден шіріп, тозған еді. Жиі ақау шығып, су болмай қалатын. Екі күннің бірінде өнімсіз жөндеу жұмыстарын жасап, біз де әбден мезі болдық. Енді жаңа су жүйесі тартылды. Судың сапасы санитарлық талапқа сай. Кермек дәмі жоқ.

Жалпы, 2018 жылы Қарағанды облысы бойынша шалғай елді мекендерді сапалы сумен қамту үшін 100 шақырымға жуық су жүйесі жөнделді. 2021 жылға дейін өңірде 5 миллиард теңгеден астам қаржыға тағы 14 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу