Басты Жаңалықтар Қазақ-Қырғыз шекарасын демаркациялау туралы шарт заңды күшіне енді

Қазақ-Қырғыз шекарасын демаркациялау туралы шарт заңды күшіне енді

Жиырма жылға созылған мәселеге биыл нүкте қойылып, елімізбен шектесетін бесінші мемлекетпен ел іргесін айқындаудың құқықтық процедурасы осылайша өз мәресіне жетті.

Сәбит Әлдебай, тілші:

- Қойы қоралас, жаны аралас - бауырлас қос ел арасында демаркацияланған шекараның сызығы 1257,07 шақырымды құрайды. Шегенделген шекараның бойында осындай 683 шекара белгісі мен  1055 шекара бағандары орнатылған. Келісім бойынша қос ел осы шекараның сызығын әрбір он жылда тыңғылықты тексеріп тұруы тиіс.

Шекарашылар екі ел арасын қалтқысыз күзетеді. Заңсыз өтпек болғандарға тосқауыл күшті.

Самал Тасбаев,  шекара заставасының басшысы:

- Күніне екі рет мемлекеттік шекара сызығын тексеру мақсатында шолғын шекара наряды жібіріледі. Шолғын шекара нарядымен із бақылау жолағын тексеріміз. Сонымен қатар, инженерлік құрылғылардың ақаусыздыңғын тексеріп отырамыз.

Қаратаудың қапталы мен Алатаудың аңғары арасындағы шектескен аймақта 10-ға жуық өткізу бекеті бар. Далалық жерде 30-дан астам шекара заставасы бой көтерген. Бұған дейін қалыптасқан геосаяси жағдай шекарашылар үшін де қиындық тудырып келді. Енді даулы деген учаскелер екіжақты келісім арқылы толығымен шешілді. 

Сапарғали Түймебеков, 2093 Ә/Б командирінің орынбасары:

- Жамбыл облысына қарасты шекараларда даулар көп болатын. Өздеріңізге мәлім, Жасөркен елді мекені бар, Тараз қаласының маңында шиеленіскен жағдайлар көп туындап тұратын. Қазір демаркациялау бойынша заң қабылданып, екі ел арасында келісімшарт арқылы біз өз мемлекеттік шекарамызды нық айқындап, шекара белгілері орнатылды. Қазіргі таңда біздің шекаршыларымызға қолайлы жағдай туындады.

Шекараны шегендеу туралы құқықтық шартқа қос елдің президенті Астанада қол қойды. Былтыр шекара сызығын халықаралық деңгейде бекіту үшін ауқымды жұмыстар жүзеге асты. Жылдар бойғы келіссөздер нәтижесінде биыл Қырғыз тарабы аталған шартты бекіткенін хабарлады.  Шекараның түйісу нүктелерін халықаралық-құқықтық рәсімдеу бауырлас елдердің  өзара сыйластығы мен теңдігін нығайтып, аумақтық тұтастығына негіз болмақ.  

 Сәбит ӘЛДЕБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу