«Қамқор» орталығының қамқорлығы ерек. Бұл – Ақмола облысындағы «Қамқор» әлеуметтік қызмет көрсету орталығына барған Астана қаласы әкімі Бақыт Сұлтановтың бағасы. Әкімдік былтыр су жаңа ғимарат салып берді. Мұнда орталық тұрғындары үшін барлық жағдай жасалған: сапалы медицина, айрықша күтім және заманауи құрал-жабдық.
Бұл – Ақмола облысы Ақкөл ауданыңдағы «Қамқор» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы. 14 жыл бұрын құрылған. Мұнда психоневрологиялық ауруларға шалдыққан және күтімге, тұрмыстық және медициналық қызметке мұқтаж жалғыз басты зейнеткерлер тұрады.
Құдды бір өнер ордасы іспетті. Бірі – ағаштан түйін түйсе, енді бірі – былғарыдан етік тігуде. Ал, әйелдер жағы кесте тігіп, жібек зерлермен сурет салып жатыр. Яғни, кез келген адам жаны қалаған іспен айналысуда.
Орталықта 44 зейнеткер, 300-ден астам мүмкіндігі шектеулі жан тұрады. Оларға қажет барлық әлеуметтік жағдай бар. Тұрмыстық, психологиялық, еңбек және құқықтық сынды түрлі әлеуметтік көмек көрсетіледі.
Кітапхана, еңбек кабинеттері мен асхана да заманауи құрал-жабдықтармен жарақталған. Орталықта бос уақытты тиімді өткізу жақсы ұйымдастырылған. Мерекелік, спорттық іс-шаралар да өтіп тұрады.
Бақыт Сұлтанов, Астана қаласының әкімі:
-Тек алға ұмтылыңдар! Біз сендерді әрқашан қолдауға әзірміз. Жаңа ғимарат салып бердік. Орталық барлық жағынан сендерге ыңғайлы болу үшін әлі де жұмыс істейміз.
Жаңа ғимарат былтыр Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен салынды. Айта кетейік, Мемлекет басшысы мүмкіндігі шектеулі жандарға ерекше көңіл бөліп, оларға «Кедергісіз орта» құруды ұдайы айтып келеді.
Армангүл ТОҚТАМҰРАТ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.