Алаш жұрты қара өлеңнің қара нары ақын Оразақын Асқарды ақтық сапарға шығарып салды. 84 жасқа қараған шағында жарық дүниемен қоштасқан ақын еліміздің рухани дамуына өлшеусіз үлес қосқан қайраткер еді. Ол қазақтың мыңдаған жылдар бойы ел ішінде айтылып жүрген қара өлеңін жинақтап, кітапқа басып қалдырды.
Қаламгерді ақтық сапарға шығарып салу рәсімі Жазушылар одағының ғимаратында өтті. Оған ақынның замандастары мен туған-туыстары келіп, оның адамгершілік қасиеті мен азаматтық ұстанымы жайлы елеулі естеліктер айтты.
Ұлықбек Есдәулет, қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы:
- Өмірде өте биязы, кішіпейіл, ішкі мәдениеті жоғары кісінің бетіне жел болып тимейтұғын сыпайы адам еді. Ол кісі мәдениеттілікті, тектілікті кейінгі ұрпаққа үлгі етіп қалдырып кетті.
Өскелең ұрпаққа жайдары мінезімен қатар, тынбай еңбек етуді нақты іспен көрсеткен жазушы жас буынның сөз қадірін ұғынып өсуі үшін балалар әдебиетінің әртүрлі тақырыптарына қалам тартып, өлшеусіз еңбек сіңірді.
Бексұлтан Нұржекеұлы, жазушы:
- Оразақын Асқардың өлеңін оқымайтын мектеп жоқ. Жастардың бәрі біледі. Ол кісі балалардың тіліне орай, жасына орай тақырыптарды таба білген адам.
Оразақын Асқар 1935 жылы Шығыс Түркістан өлкесінің Іле аймағына қарасты Мүкей Қаратас деген жерде дүние есігін ашып, атақонысынан көшпенді тұрмысты көріп өскен. Уақыт өте атамекенге оралып сөз өнерін өркендетуге еңбек еткен тұлға – халықаралық «Алаш», Түркі әлемінің «Ақбозат» және «Мұқағали» атындағы әдеби сыйлықтарының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері атанды.
«Тартқан жоқпын ақындықтың азабын, таңнан тұрып қуана жыр жазамын» деп жырлаған ақыннан бір жыл бұрын сұхбат алып, шығармашылығының тағылымы туралы сұраған едік. Сонда ұлт үшін өмір бойы ізденуден шаршамаған Оразақын «Мен жарғанат секілді түнде жазбаймын, көшпенділердің табиғатпен етене жақын жасампаздығын сақтап бозторғайдай ертемен шабыт шақырамын», деп ағынан жарылған еді.
Саналы ғұмырын шығармашылыққа арнаған жазушының артында том-том еңбектері мен тақырыптық өлеңдері қалды. Сондықтан, оның жан дүниесінен шымырлап шыққан жыр шумақтары халқымыздың жадынан мәңгі өшпесі анық.
Нұрлан АСҚАРҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.