Ағаштан түйін түйген шебер садақ ойынын жаңғыртпақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ағаштан түйін түйген шебер садақ ойынын жаңғыртпақ

23.01.2019

Атыраулық жас шебер ауыл жастарын ұлттық кәсіпке баулып жүр. Ағаштан түйін түйген дарын иесінің игілікті ісіне қызығатындар көп. Өнерге ден қойған жастардың қатары артқан соң, шебер жеке үйінің ауласынан шағын цех ашып, шаруасын дөңгелетуде. Осылайша, екі қолға бір күрек іздеген жұмыссыз жастарды еңбек диірменінде шыңдап келеді.

Аядай цехте ерекше бұйымдарды шығарып жүрген Талғат Жұмалиев ата кәсіпті жалғастырушы. Ағаштан түйін түйген шебер ниет білдірген адамға бекзат өнерді үйретіп бағуда. Туындылары көптің көңілінен шығып келеді.

 Талғат Жұмалиев, қолөнер шебері:

- Адамға қай жұмыста болсын өзіне тәжірибе жинау арқылы белгілі бір деңгейге жетеді. Мысалы, мен 5 жыл бұрынғы жұмысыма қарағанда қазіргі жұмысым басқаша, тіпті мүлдем басқа деп айтуға болады.

Шебер осы уақытқа дейін 500-ге жуық туындыны жасап шығарған. Бұйымдардың ішіндегі ерекшесі қару іспетті садақ. Құрылымы көне әдіс бойынша ерен ағашынан істелген.

Талғат Жұмалиев, қолөнер шебері:

- Садақ ойынын дамытып, оны жастарымызға үйретіп, жастар ұлттық ойындарымызды ұмытпасын деген бағытта үйірме ашу жоспарда бар.

Ағаш шеберінің еңбегі еленуде. Бірқатар туындысы эксклюзив ретінде музейге қойылған. Әрі, шәкірттері үмітін ақтап, түрлі байқауларда топ жарып жүр.

Самат Божанов, шәкірті:

- Көптеген нәрселерді үйрендік. Көптеген нәрселерді жасап жатырмыз қазір. Халықаралық жарыс болды. Сонда бас жүлдені жеңіп алдым. Соның бәрі шебер Талғат ағайдың арқасы.

Шебер көбіне жергілікті жердегі орман ағашын кәдеге асырады. Бұйымдардың оюын көшірмесіз қолдан ойып, түпнұсқа қалпында сақтайды. 

Болат Бидоллаев, қолөнер шебері:

- Әр жасаған жұмысында қазақтың ұлттық оюы - қошқар мүйізді көп пайдаланады. Көшіргенді көп қаламайды.

Шығармашылықты дамытуға шағын цех тарлық етіп тұр. Сол себепті, Талғат кәсібін өрістетпек ниетте. Бабадан қалған асыл мұраны сақтау - шебердің басты мақсаты. Алдағы уақытта садақ қорын молайтып, цех жанынан үйірме ашпақ. 

Жандос ТЕМІРҒАЛИ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу