Қызылордада қолға түскен күдіктінің әкесі кешірім сұрады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада қолға түскен күдіктінің әкесі кешірім сұрады

21.01.2019

Қорықшы Ерлан Нұрғалиевтің өліміне қатысты қолға түскен күдіктілердің үшеуі де Қызылорда облысының тұрғыны. Қазір оларға қатысты қылмыстық іс қозғалды, тергеу жүріп жатыр. Күдіктілер кім? Олардың туған-туыстары не дейді?

Ақерке Берікбекқызы, тілші:

- Күдіктінің үшеуі қаладағы жеке үйлердің бірінде ұсталды. Облыстық Ішкі істер департаменті одан басқа ресми мәлімет берген жоқ. Бірақ, әлеуметтік желіге тараған ақпаратта күдіктілердің бірі қала іргесіндегі Абай ауылының тұрғыны екені, ал, екеуі облыс орталығында тұратындығы көрсетілген. Сол мекенжай бойынша біз олардың үйлеріне барып көрдік. Екі үйде адам болмады, ал, Абайдағы күдіктінің көршісімен жолықтық.

Күмісбай Байдалиев, күдіктінің көршісі:

- Ауылда шаруа қожалықтарында комбаин айдап, маусымдық жұмыстарды істеп жүрген бала еді. Көктемде жер жыртуға, күздігүні егін жинауға қатысып жүрді. 

Ақерке Берікбекқызы, тілші:

- Күдікті жігіт 1984 жылы туған. 4 баласы бар, ата-анасымен бірге тұрған. Оқиға болғаннан кейін ол отбасына мүлдем келмеген.   

Мейрамбек Ахметов, күдіктінің әкесі:

- Қайтыс болған жігіттің отбасына және ұжымына, бүкіл қазақстандықтардан кешірім сұраймын және көңіл айтамын. Қайтейін, ойнақтап жүрген балам от басты. Кешірім сұраймын халқымнан, елім аман болсын, жұртым тыныш болсын.

Ал, қалған екі күдіктінің отбасы туралы әзірге ешқандай ақпарат жоқ. Тек белгілісі, біреуі 1984 жылы, екіншісі 1986 жылы туған. Тергеу құпиялылығына байланысты ол туралы өзге мәлімет жария етілмейді. 

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу