Халықаралық туристік компания өкілдері Лондонда бас қосты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Халықаралық туристік компания өкілдері Лондонда бас қосты

21.01.2019

Халықаралық туристік компания өкілдері Ұлыбритания астанасы Лондонда бас қосты. Осымен 23-ші рет ұйымдастырылып отырған «Adventure Travel Show» көрмесінің мақсаты - туристермен тікелей байланыс орнатып, туристік компанияларға бір-бірімен келісім жасауға мүмкіндік беру. Лондон төрінде орнатылған 120 стендтің арасында Қазақстанның да бөлімі бар.

Индира Бектенова, тілші:

- Көрікті жерлерімен, ғажайып табиғатымен ерекшеленетін еліміз бүгін тағы бір ірі туристік көрменің қатысушысы. Бұл жолы «Adventure Travel Show-2019». Мамандандырылған көрме спортық, экстрималды және экотуризм бағыттарын қамтып отыр.

Көрме басталысымен Kan Tengri Expeditions және Travel Club Kazakhstan қазақстандық компаниялар өкілдерінің жұмысы қыза түсті. Еліміздің туристік мүмкіндіктері жайлы білгісі келетін жандардың қатары көп. Әрбір сұраққа сапалы жауап берілуде.

Алексей Гайнанов, блогер:

- Бүгін Астана туралы көп мағлұмат алдым. Жаңа қала жылдар бойы қалай өзгергенін көргім келеді. Қазақстан - табиғаты көркем, әсем жерлерге өте бай өлке екен. Сол себепті, енді барлығын өз көзіммен көрсем деймін.

Туризм нарығында 30 жылдық тәжірибиесі бар Kan Tengri Expeditions 2006 жылдан бері «Adventure Travel Show» көрмесінің тұрақты қатысушысы. Бүгінде компания кез келген туристің көңілінен шығатын сапалы туристік өнім ұсынушысына айналған-ды.

Дәурен Валиев, «Kan Tengri Expeditions» компаниясының  директоры:

- Ұлыбритания нарығы Қазақстан үшін өте маңызды. Елбасы Петропавлда өткен форумда атап өткендей, Қазақстанның бай табиғи және этнографиялық ресурстары – еліміздің халықаралық туристік нарықтағы негізгі тауарлары болып саналады. Президенттің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында еліміздің ерекшеліктері жайлы айтылған. Айта кету керек, бүгінгі таңда туристер арасында велосипед турлары үлкен сұранысқа ие. Гонконг, Сингапур, Қытайдан келушілер көп.

Көрмеде Қазақстанға арнайы саяхат ұйымдастырып жүрген шетелдік компанияларды да кездестіруге болады. Солардың бірі - британдық Koryo tours.

Саймон Кокерел, «Koryo tours» компаниясының бас менеджері:

- Біз Қазақстанға саяхатты бірнеше жылдан бері ұйымдастырып келеміз. Нақтырақ айтатын болсам, жылына екі рет өткіземіз. Тур қатысушыларының басым бөлігі британдықтар, Еуропа, Америка және Шығыс Азия өкілдері де көп. Қазақстан сұранысқа ие  бағыттардың бірі.

Дәл осындай көрмелер еліміздің  туристік әлеуетін толық ашуға және сыртқы туризмнің дамуына оң серпін беретіні сөзсіз.

Индира БЕКТЕНОВА
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу