Қостанай қалалық Ветеринарлық бақылау комитетінің басшысы қызметтік демалыс бөлмесінде әріптестеріне дастархан жайған. Шенеуніктер тек астан дәм татып қоймай, ішімдік те ішіпті. Қызметкерлер осы жерде тойға шашу ретінде басшыларына ақшалай сыйлық ұсынған. Мұның бәрі бейнебақылауға түсіп қалған. Осы әрекеттері үшін ветеринарлардың үстінен алдымен қылмыстық іс қозғалған еді. Алайда, сыбайлас жемқорлықа қатысты айғақтар табылмағандықтан, қылмыстық іс тоқтады. Десе де, шенеуніктер жазадан құтылған жоқ. Олардың мәселесін енді әдеп кеңесі қарап, 4 қызметкерге қатаң сөгіс берді. Ал, баласының тойын атап өткен басшы жұмыстан қуылды.
Салауат Мүксімов, Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің басшысы:
- Осындай келеңсіздіктерді келешекте болдырмау, алдын алу мақсатында біз барынша әділ шешім қабылдауға тырыстық. Бұл кісілер мүмкін жақсы адамдар шығар, жақсы қызметкер шығар. Бірақ, біз көрген бейнекадрдағы іс-әрекеттері этикалық-моральдық нормаларға сай емес. Егер мұндайға атүсті, кешіріммен қарасақ, әдеп кеңесінің жұмысына үлкен сын болар еді.
Дәуренбек ӘБДІБЕК
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.