Аңшылық пен браконьерліктің аражігін ажырата аламыз ба? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аңшылық пен браконьерліктің аражігін ажырата аламыз ба?

17.01.2019

Аңшылық - ата кәсіп деп жүрміз. Алайда, қазақы аңшылық әділ еді. Аңшы мен аңның мүмкіндігі тең болатын. Аңшы бір рет атады. Тисе олжа, тимесе тағдыр. Ал, бүгін ше? Бүгінгінің аңшысы жыртқыш аңнан бетер. Атқан оғы мүлт кетсе, астындағы көлігімен аңды міндетті түрде қуып жетіп, өлтірмей тынбайды.

Қасқырды бастан теппек түгілі жанына жақындаудан қорқатын қорқаулардың дәурені жүріп тұр. Көк бөріні пір тұтатын қазақтың бүгінгі дүниетанымы осындай. Мұздай қаруланған қуларың өздерін аңшы санайды. Жүйрік көлікпен қасқырды әбден болдыртып, кейін қауіпсіз қашықтықтан атып түсіргеніне мәз. «Аяушылық. Ол да тіршілік иесі ғой» -деген адами құндылықтар қазір қазақ сахарасында сирек кездесетін құбылыс. Есесіне, ажал оғын себетін еселаңдар сайын далада сайрандап жүр.

Астына тау-тас талғамайтын көлік мініп, арқасына қару асынғанның бәрі аңшы. Олардың арасында мүйіз сатуды кәсіп қылған кәнігі браконьерлер, сауық қуған бай-бағландар, тіпті шенеуніктер де бар.

Алмас Садубаев, ҚР ІІМ департамент директоры:

- 2018 жылы 15 мыңға жуық осындай құқықбұзушылық тіркелген. Жануарларды атуы мен құртуға байланыстысы 132 іс, 190 заңсыз балық аулау ісі.

Ақбөкеннің ажалы басындағы мүйізінен келіп тұр. Мүйіздің Қытайдағы бір келісі кемі екі мың доллар. Ал, аналық ақбөкенді атқанға салынатын айыппұл 400 мың теңге шамасында. Санай беріңіз, браконьер бір мүйіз сатса, айыппұлды еселеп өндіріп алады.

Сайын дала ұшқан құс пен жүгірген аңға пана болмай тұр. Тырнақша ішіндегі «батырлар» жорығынан кейін, жайрап жатқан аңның бейнесіне етіміз әбден үйренді. «Судың да сұрауы бар». Өкінішке қарай, ортамызда аңның киесінен қорықпайтындар мен обал-сауапты білмейтіндер өріп жүр.

Ғабит БӨКЕНБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу