Қорықшы Ерлан Нұрғалиев қызметіне адал, еңбекқор азамат еді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қорықшы Ерлан Нұрғалиев қызметіне адал, еңбекқор азамат еді

17.01.2019

Құралай түгілі қорықшылар да қорғансыз. Бүгінгі күннің ақиқаты осы. Қарағандыда «ақбөкендерге араша түсеміз», деп бірі жараланып, бірі ажал құшқан инспекторлар браконьерлер алдында дәрменсіз еді. Өйткені, көлігі жолда қалдырды, қаруы болса қауқарсыз. Десе де, көзсіз ерліктің нағыз үлгісін көрсетіп кеткен Ерлан Нұрғалиев қандай құрметке болсын, лайық. Халықтың қалауы сол.

Ерлан Нұрғалиев әуелден темірдей тәртіпті тәуір көрген. Білімі де соған сай – дене шынықтыру және әскери дайындық оқытушысы. Бұрын ауылындағы тентектерді тезге салса, кейін түздегі қаскөйлердің соңына түскен. Тай құлындай тебісіп өскен достарына оның ер жүректігі мен спортқа әуестігі жастайынан мәлім. Аңғал әрі адал болған.

Абзал Масабаев, Ерлан Нұрғалиевтің досы:

- Өзі бала күнінен батырлыққа құмар еді.

Ерлан Нұрғалиев көзден кетсе де, есімі мен ерлігі ел көңілінен өшпейді. Ақбөкендерді аялап, қорғап өткен қорықшыны үлгі етуге үндеп жатыр. Бірі оның бейнесімен киіктерді қорғаудың ұранындай етіп билборд ілуді ұсынса, өзгелері кино түсіруді құп көруде. Неге олай етпеске?! Қытайда «Кикушили: Тау сақшысы» атты фильм түсірілді. Яғни, аяусыз аңшылар мен табиғат жанашырларының жанкештілігі суреттеледі. Есесіне браконьерлерге жаза қатайтылып, бөкендерге қауіп азайған. Дәл қазір біздегі жағдай.    

Мұрат Бақтиярұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Заңсыз аң аулаушылардың алдында біздің инспекторларымыз әлсіздеу. Біз мұны назарға алуымыз керек. Бәлкім, заңға өзгерістер енгізу керек шығар.

«Құралай түгілі қорықшылар да қорғансыз», - дейді кәсіпкер Марғұлан Сейсембаев. Ол 20 жылдан бері табиғат қорғаушыларына барынша қолдау танытып жүрген жомарт азамат. Осы жолы да қайғы жұтқан қос отбасына 2 млн. теңге көлемінде көмек көрсетті.

Марғұлан Сейсембаев, қоғам қайраткері, кәсіпкер:

- Оларды қамтамасыз ету өте төмен деңгейде. Көліктері браконьерлерді қууға жарамайды. Қару-жарақтары жоқ. Киікті қорғайтын органдардың бюджетін көтеріп, жақсы жататын орынмен, көлікпен, қару-жарақпен қамтамасыз ету керек.

Себебі, киіктің мүйізіне тапсырыс берушілер қаскөйлерді мұздай қаруландырады. Астарына арнайы жарақталған «Тойота Ленд Крузер» мінгізеді. Сондай қарсыластарға жалаңқол болса да, қайтпай қайсарлық таныту Ерлан Нұрғалиев сынды инспекторларға тән қасиет. Ендеше, дала еркесінің панасы әр қазақ баласының санасында сақталуы керек. 

Нысаналы ЫҒЫЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу