Басты Жаңалықтар Көкшетау ұлттық табиғи паркінде қоректендірудің арқасында аңдар саны артқан

Көкшетау ұлттық табиғи паркінде қоректендірудің арқасында аңдар саны артқан

Көкшетау ұлттық табиғи паркінде кейінгі жылдары аңдар саны артты. Ерекше қорғалатын аумаққа жабайы жануарлар өзге өңірлерден де келуде. Бұл - арнайы қабылданған шаралардың нәтижесі. Солардың бірі аңдарды қолдан қоректендіру ісі жолға қойылған.

«Көкшетау» мемлекеттік ұлттық-табиғи паркінің мамандары әр 10 күн сайын өздеріне берілген аумақта аңдарға азық береді. Мекеменің Зеренді филиалы 37 мың гектарды алып жатыр. Мұнда бұғылар, еліктер, маралдар, сілеусіндер, дала доңыздары, түлкілер мен қояндар мекендейді. Соңғы жылдары түз тағысы қасқырлар да пайда болған.   

Күшпай Бұқанов, «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі Зеренді филиалының директоры:

- Біз жазда дайындық жұмыстарын жүргіземіз. Шөп, ағаш жапырақтарын әзірлейміз. Жем сатып аламыз. Аңдарды қоректендіруді 8-10 күн сайын ұйымдастырамыз. 2 жылдан бері ұлттық парк аумағында аңшылыққа тыйым салынған. Сондықтан, аңдардың саны жыл сайын көбейіп келеді. 

«Көкшетау» ұлттық-табиғи паркінің Зеренді филиалында 60-қа жуық қызметкер бар. Олар аумақты күн сайын аралап, табиғи байлықтың қорғалуын қамтамасыз етеді.

Жангелді Құрсарин, орманшы:

- Қалың қар түскенде осындай қосымша жем істейміз. Жем, шөбін дайындаймыз. 27 астау бар. Соның барлығына таратып отырамыз. Аңдардың іздерін көріп, қай жерге көп барады, сол жерге тамақтарын салып отырамыз.

Соңғы жылдары аңдардың миграциясы байқалады. Жануарлар қауіпсіз аймақты таңдайтын көрінеді. Сондықтан, азық берудің өзектілігі артып келеді. 

Ермек Елберген, тілші:

- Аңдарға азық салатын ірі орындардың бірі осы. Бұл жерде орманшылар аңдарға шөп береді, жаңа ғана міне, жемін салды. Жануарлар негізінен түнде келіп қоректенеді. Оған айналадағы көптеген іздер дәлел.

Биыл Ақмола облысында қар көп жауған жоқ. Егер қар қалыңдай түссе, аңдарға азық жеткізу уақыты жиілеуі мүмкін. Жануарлар көктемге дейін қолдан қоректендіріледі.  

Ермек ЕЛБЕРГЕН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу