1,5 жыл бұрын жұмысын тоқтатқан кәсіпорынның оларға берешегі 53 миллион теңгеден асады. Бұған дейін де талай табалдырықты тоздырған қызметкерлер бүгін облыс әкімдігіне барып, мәселелерін шешіп беруді талап етті.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Бұл жұмысшылардың әрқайсысының шамамен 500 мың теңгеден алажағы бар. Бүгін олар өздері жылдап жұмыс істеген кәсіпорынның ауласының сыртынан қайтты. Сөйтіп, басшылықтан нақты жауап аламыз деген тілектері бүгін де орындалмады.
Ақтөбенің сарышұнақ аязына қарамастан зауыт маңына жиналғандардың барлығы 2016 жылдың қаңтарынан 2017 жылдың мамырына дейін жалақысыз жұмыс істеген. Айтуларынша, кәсіпорын басшылығы түрлі желеуді алға тартып, уақыт созып жүріп алған. Одан кейін зауыт жабылып тынған.
Оралбай Елубайұлы, зауыттың бұрынғы жұмысшысы:
- 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап осы күнге дейін бармаған жеріміз жоқ. Еңбек инспекциясына бардық, кеше «Нұр Отанға» бардық, прокуратураға да кірдім. Облыстың әкімі де біледі. Әлі ештеңе шешілген жоқ.
Ерболат Сүйінішалин, зауыттың бұрынғы жұмысшысы:
- Өз ақшамды талап етемін. 650 мыңнан асады.
Зауытта 200-ге жуық адам жұмыс істепті. Шағымданғандардың айтуынша, кәсіпорын басшылығы өздерінің жақындарының еңбекақысын беріп тастаған. Қалғандары қарыздарын жаба алмай, не тұрақты жұмыс таба алмай жүр.
Қатарбай Раисов, қорғаушы:
- Жұмысшылар 3-4 жылдан бері еңбекақыларын ала алмай жүр. Прокуратура тарапынан, жұмыс беруші тарапынан қадағалау жоқ. Банкроттық рәсімдер қалай жүріп жатқанын қадағалайтын органдар бар, олар халыққа түсіндіріп айтса, мұндай дау болмас еді.
Кәсіпорынның есігінен сығалап қайтқан ашулы жұмысшылар әкімдікке келді. Облыс әкімінің орынбасары оларды сабырға шақырып, мәселені шешіп беруге уәде етті.
Қайрат Бекенов, облыс әкімінің орынбасары:
- Заң бойынша кәсіпорынды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілу керек. Ол нәтиже бермесе, банкрот деп жарияланады. Біздің есебіміз бойынша, зауытта қазір 1 миллиард теңгенің мүлкі бар. Олар сатылып, бірінші кезекте жұмысшылардың ақысы берілетін болады.
Алайда, зауыттың қашан қайта қалпына келерін, банкрот болған жағдайда қай уақытта сатылатынын ешкім дөп басып айта алмай отыр. Сондықтан, жұмысшылардың өздеріне тиесілі ақыны қашан алатыны да әзірге белгісіз.
Жақсыбек КЕМАЛ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.