Шетелге кетіп жатқан еңбек мигранттары көбейіп барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шетелге кетіп жатқан еңбек мигранттары көбейіп барады

16.01.2019

Мұхит асып, Америкаға барғысы келетін қазақстандықтардың саны жыл сайын артып келеді. АҚШ-тың мемлекеттік департаменті әр елден виза алу үшін қанша адамнан өтініш түсетінін жариялап отыр. Қазақстаннан гринкарта алуға 2016 жылы 48136, 2017 жылы 60634, ал былтыр 93406 адам үміттенген екен. Олардың қаншасы АҚШ-қа кетіп қалғаны әзірге белгісіз. Бірақ, ниет білдіргендердің артқаны да көп нәрсені айтып тұрғандай.

Арман мен ақша қуып АҚШ-қа барған Азиза ол жақта даяшы болып істеген. Үш айда тапқаны көлік сатып алуға да, Штаттарда шалқып жүруге де жетіпті. Азизаның сыңары Әділет те қазір мейрамханада жұмыс істейді. Студент егіздердің кәсіптері бір болғанымен, екі елдегі табыс екі бөлек.

Азиза Құрманғазы, даяшы:

- Ол жақта айлық күніне есептеледі. Яғни, сағат сайын, доллармен есептеледі. Ал, айға шаққан кезде бір айда 3000 доллар, бұл 1 миллион теңге. Аптасына бөлінетін 40 сағат бар. Сол 40 сағаттан асып жұмыс істесеңіз, сіздің айлығыңыз одан сайын көбейеді. Қосылған сағаттарға ақша қосып отырады.

Әділет Құрманғазы, даяшы:

- Мысалы, айына шамамен 80 мыңдай шығады. Қосымша істегенің төленбейді. Банкетке төленеді. Ал, 13 не 15 сағат жұмыс істесең, қосымша төленбейді.

Егіздердің ұстаған смартфондарын да салыстыруға келмейді.

Азиза Құрманғазы, даяшы:

- Осы телефонды мен 1-ақ апта жұмыс істеп алдым. 1000 доллар тұрады.

Әділет Құрманғазы, даяшы:

- 80 мың теңгенің көлемінде. Несиеге алдым.

Дамыған елдер мен дамушы елдердегі табыс жер мен көктей. Халықаралық еңбек ұйымы және Еуростаттың әлем елдеріндегі орташа жалақы бойынша келтірген мәліметінде көш бастаған үштік: Швейцария, Норвегия мен Люксембург. Олардың халқы 3500-3800 доллар көлемінде айлық алады. Ал, ТМД елдерінің көрсеткіші көңіл көншітпейді. Ресей өзгелерден басымырақ: 69-орында. Орташа жалақы – 615 доллар. Қазақстан көрші елден 16 сатыға қалыс қалып, 85-орынға жайғасыпты. Біздегі табыс шамамен 480 доллар. Ал, өзбек елі 235 доллармен 118-орында. Тізімдегі ең соңғы мемлекет – Зимбабве. Бұл жақтағы нәпақа - небәрі 21 доллар.

Зимбабведен гөрі жағдайымыз тәуір, әрине. Алайда, елдегі еңбектің өнбегі жоғары деуге де келмейді.

Альбина Әшім, тілші:

Былтыр еліміздегі жұмыспен қамту орталықтарына 550 мыңға жуық адам жүгініпті. Екі қолға бір күрек таппай жүргендерге жұмыс берушілердің ұсынғаны – көбіне  жалақысы төмен жұмыс орындары. 75 пайызы айлығы 50 мың теңгеден төмен қызметке тұрған. Ал, 100 мың теңгеден басталатын жұмысқа екі-ақ пайызы орналасыпты.

Бюджеттік мекемелерде де осы жағдай. Әсіресе, жүк тасушылар, еден жуушылар сынды бейнеті көп еңбек үшін 30-50 мың теңге көлемінде ғана айлық төленеді. «Өйткені, мемлекеттің мүмкіндігі осындай», дейді билік өкілдері.

Айнұр Ермаханова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бас сарапшысы:

- Ең төменгі жалақының артқанына байланысты бюджет саласындағы кейбір қызметкерлердің түрлі санаттағы жалақылары да артады. Оның ішінде 1-8 разрядтағы жұмысшыларды қамтиды. Олардың жалақылары орташа 35 пайызға дейін артады.

Ал, тәуелсіз сарапшылар «халықтың табысын арттыру үшін бизнесті бұдан да белсенді дамытып, өндірісті өркендеткен жөн», дейді. Өйткені, зауыттардың қарқыны әлсіз, әл-ауқатымыз әлі де мұнайға байланып тұр.

Исатай Қамбаров, экономист:

- Кеңес Одағы құлаған кезде көптеген зауыттар құласа, оларды қапына келтіруге күш жұмсалған жоқ. Біз ұтылып қалдық. Ал, кейінгі жылдары қолға алынған өнеркәсіптік орындар толық күйде жұмыс істей алмай отыр. Осының бәрі айналып келгенде экономика көрсеткіштерінің төмен болуына әкеледі.

Ел билігі мен экономистер жалпы ішкі өнім мен өсім көрсеткіштерін есептеп әлек. Ал, ертеңін ойлаған егіздер әзірге жақсы табыс табу үшін өзге жерге кетуге мәжбүр.

Альбина ӘШІМ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу