Мамандар дұрыс тамақтанбау салдарынан қайтыс болғандардың тізімін жасады
Ажалы астан келді. Көбіміз бұл тұжырымға сенбеуіміз мүмкін. Алайда, мамандар дұрыс тамақтанбаудың зардабын тартып, соңында қайтыс болғандардың тізімін жасады. Зерттеуді Дүниежүзілік сақтау ұйымы жасаған. Өкініштісі сол, Қазақстан өлім салдарының рейтингісінде алғашқы ондыққа кіреді. 51 мемлекеттің ішінде тоғызыншы орында тұр. Сараптама жүргізгендер Азия елі халқының ащы, майлы тағамдарды көп қолданатынын, керісінше көкөністерді аз жейтінін жазған. «Соның салдары өлімге әкеліп жатыр», дейді мамандар.
Виктор Волошинге өткен жылдың соңында асқазан қатерлі ісігі диагнозы қойылыпты. 40 жыл бойы алыс жолдарға қатынайтын көлік жүргізушісі «ішіп-жеміміме мән бермедім», деп налиды.
Виктор Волошин, қала тұрғыны:
- Мен майлы етті қатты жақсы көретінмін. Майға қуырылған тоқаштарды да тоқтамай жей беретінмін. Ал, қазір тек су мен буға піскен ас жеймін. Бір жағынан алыс сапарға қатынағаннан кейін жолда асханаларда тамақтанамыз. Ал, ол жерлерде кейде уақыты өтіп кеткен тамақты жеуіңе тура келеді.
Дәрігерлер Виктордың дәл уақытында келгенін айтады. Себебі, асқынып кеткен асқазан дерті адам өміріне қауіпті.
Олжабай Қожағалиев, онколог:
- Кезінде дұрыс тамақтанбаған, түрлі сусындар ішкен. Сонымен байланысты.
Қазақстанда дұрыс тамақтанбаудың кесірінен соңғы жылдары 300-ден астам адам қайтыс болған. Тізімді Өзбекстан бастап тұр. Көрші елде 400 мыңға жуық науқастың өлімі осы ішіп-жемнен келген. Түрікменстанда - 376, Қырғызстанда – 350. Зерттеуде Азия халқының көбіне тұзды, әрі майлы тағамдарды пайдаланатындары көрсетілген. Тамақты талғап жейтіндер Батыс Еуропаның тұрғындары. Испания, Израиль және Франция елдерінде осы уақытқа дейін 43-46 адам қайтыс болған.
Төрегелді Шарманов, Қазақ тағамтану академиясының президенті:
- Мәселе тағам түрінде. Тамақтың құрамында көкөніс жеткілікті ме?
Түптен келгенде көпшіліктің үнемі ауыр тамақтан бас тартып, ішіп-жемге шектеу қоймасы анық. Жесең тісіңе, жемесең түсіңе кіретін етті беймізгіл жей берітініміз рас. Дегенмен, «ауру астан» дегенді меййлінше естен шығармағанымыз жөн.
Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы