Атпалдай азаматтар қаза табатын осындай қылмыстардың соңы кейде сиырқұйымшақтанып, айыптылар жазадан сытылып, зардап шеккен жақтың ашу-ызасын тудырып жатады. Мәселен, Ақтөбеде бір азаматты өлімші етіп ұрғандар әлі күнге дейін жауапқа тартылмаған. Зардап шегушінің анасы ұлын мүгедек еткендердің бірі ғана тергеліп, қалғаны төрт айдан бері тайраңдап жүр деп ашынады. Ал, басынан ауыр соққы алған Әзіретқали Баймұратовты қазір туыстары кезектесіп қарап отыр.
Бұл оқиға Әйтеке би ауданының Тереңсай ауылында болған. 40 жастағы Әзіретқалиды қонақта отырған жерінен бір топ жігіт кіріп келіп, тепкінің астына алған. Ес-түссіз қалған жанды дәрігерлер екі тәуліктен соң ғана санавиациямен облыс орталығына жеткізіпті. Ол тек екі аптадан кейін өз-өзіне келе бастаған.
Күнзалипа Бекпанова, зардап шегушінің анасы:
- Сап-сау жүрген, үлкен балам. Осындай болып қалды. Зәбірлеушіні ұстаса, менің ақымды алып берсе. Емделу керек, көмек керек. Жәрдем береміз деген, мен ол баланы көрген де жоқпын.
Әзіретқалидың жағдайы қазір де ауыр. Жиі есін жоғалтады. Бұған дейін емдету үшін туыстары Ресейге де апарып келген. Енді екінші топтағы мүгедек ретінде есепке алу үшін құжат дайындап жатыр. Олар күдікті жазасыз қала ма деп күйінеді. Тергеушінің жиі ауыса беретініне де күмәнмен қарайды.
Айнагүл Жұмаханова, зардап шегушінің енесі:
- Бір адамға да шара қолданып жатқан жоқ. Біз ар жағын тап деп жатырмыз, тапқан жоқ. Сол адамға да шара қолданған жоқ. Қамаған да жоқ.
Әзіретәлидің туыстары істің созылып кеткеніне алаңдаулы. Сондықтан, бүгін облыстық прокуратураға келіп шағымданды.
Азамат Құстанов, облыстық прокуратураның басқарма басшысы:
- Осы кісілер қабылдауда болған. Толық іс бойынша мәліметтер тыңдалып, ескертілді. Іс бойынша қажетті заттар, арыздармен бірге қаралып, шара қолданылады.
Жығылғанға жұдырық. Науқас ағасына қараймын деп жүрген бұл үйдің екінші баласын көлік қағып кеткен. Ол екі айдан бері есін жия алмай жатыр. «Інісін сұрап егілгенде не айтарымды білмей ет-жүрегім езіледі», дейді қамкөңіл ана.
Жақсыбек КЕМАЛ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
