Басты Жаңалықтар Алматыда әл-Фараби даңғылында жол жүру жылдамдығы сағатына 60 шақырымға шектелді

Алматыда әл-Фараби даңғылында жол жүру жылдамдығы сағатына 60 шақырымға шектелді

Алматыда әл-Фараби даңғылы, Сайын және Бұқтырма көшелері мен Шығыс айналма жолында жол жүру жылдамдығы сағатына 80 шақырымнан 60 шақырымға шектелді. Ал, 16 қаңтардан бастап, жол ережесін бұзған жүргізушілерге айыппұл салына бастайды. Жергілікті полицейлердің айтуынша, мұндай бастамаға Нью-Йорк, Лондон сияқты ірі мегаполистердегі тәжірибе түрткі болған. Осы жылдың басынан бері қалада жол апатынан 121 адам опат болған. Алайда, кісі өлімін азайтуға арналған жобаға жергілікті жұрт үзілді-кесілді қарсы. Неліктен?

Әмір Бегдесенов жаңа өзгеріске түбегейлі қарсы. Себебі, бұл ең әуелі онсыз да ауасы ластанған мегаполистің экологиясына зиян келтіреді. Сондықтан, заңды түрде сотқа арыз жазған. 

Әмір Бегдесенов, заңгер:

- Мен арызды Бостандық аудандық сотына тапсырдым. Өйткені, оған қарсымын. Көшелерде жылдамдықты 60-қа түсірудің қажеті жоқ. 

Ал, жергілікті басқару орындары «қалалық Ішкі істер департаментінің өкілдері ұсынған бастаманы асығыс енгізген», - дейді сарапшылар.  

Алмас Бимендин, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы Жол қозғалысын ұйымдастыру бөлімінің басшысы:

- Бұл жолаушылардың тыйым салынған жерден жолды кесіп өтуінен туындайтын жол-көлік апаты мен жүргізушілердің кінәсінен болатын оқыс оқиғаны болдырмауға арналған. 

Нұрлан Асқарұлы, тілші:

- әл-Фараби даңғылындағы көлік ағынын жаяу жүргіншілер бөгемейді. Өйткені, мұнда жерасты жолы мен аспалы көпірлер орнатылған. Жаяу жүргіншілер де, көлік жүргізушілері де бір-біріне кедергі келтірмейді.

Еліміздегі Тәуелсіз автокөлік одағының басшысы «бұл мәселені әуелі ашық қоғамның назарына ұсынып, талқылаудан өткізіп барып енгізу қажет», дейді. Сонда мәселе бұлай ушықпас еді. Себебі, кез келген өзгеріс тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартып, кептелісі көп қаладағы уақытты үнемдеуге арналу қажет. 

Эдуард Эдоков, Қазақстан тәуелсіз автокөлік одағының басшысы: 

- Басшылар айтты екен деп ережені өзгерте салуға болмайды. Бұл әуелі терең зерттелуі керек. Әлемде қалыптасқан жүйе бар. Біз бірінші және соңғы емеспіз. Сондықтан, мұндай шаруаны асықпай қоғам талқысына салған жөн.

«Жолдың сырын жүрген біледі» демекші бұл түйткілге қатысты көлік жүргізушілерінің де пікірін тыңдадық.

- Бұған қарсымын. Бұл қала бойынша жалғыз айналма жол. 

- Негізі, 80 дұрыс болатын. 

Алматылықтар қанша жерден қарсы болса да, жаңа жоба іске асты. Ал, кімнің ережені бұзып, жылдамдықты асырғанын «Сергек» камералары анықтайды.

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу