Жамбыл облысында өрістегі малды қарумен атып алған ұрылар ұсталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында өрістегі малды қарумен атып алған ұрылар ұсталды

15.01.2019

Жамбыл облысында әккі ұрылар қолға түсті. Барымташылар Мойынқұм ауданында өрісте жайылып жүрген малды қарумен атып алған. Кейін бауыздап, сирақтарын шауып, түлік етін тұтастай тасымалдаған. Полицейлер ұрыларды «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралінде ұстады. Күдікті автокөлікті тоқтатып тексеру кезінде 4 сиырдың тұтас еті, пышақ, балта мен атылған оқтың гильзалары табылды. Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, малды ұрлағандар Тұрар Рысқұлов ауданының екі тұрғыны болып шықты. Бұған дейін бірнеше рет осындай әрекеті үшін істі болған көрінеді. Олар етті шұжық шығаратын цехтардың біріне өткізбек болған. Қазір кінәларын мойындап, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.

Гүлсара Мұхтарқұлова, облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі:

- Мойынқұм ауданы Бурылбайтал ауылынан жалпы құны 2 миллион теңгені құрайтын 7 сиыр жайылып жүрген жерінен атып өлтірілген. Бұл күдіктілер машиналарына сыйғанынша ірі қара тушаларын салып, үлгермегендерін сол жерде қалдырып кете берген. Біздің департаментке 12 айда 347 факт тіркеліп, оның 201-і ашылып отыр.

Сәбит ӘЛДЕБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу