ШҚО: Ана өлімі тіркелді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО: Ана өлімі тіркелді

14.01.2019

Аналар өлім-жітімін азайту - Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қызметінің басты мақсатының бірі. Дегенмен, алдын алу шаралары белгілі болғанымен, әлемнің әр бұрышында мұндай қайғылы жағдайлар әлі де болып жатады. Аналар өлімінің 99 пайызы дамушы елдерде тіркеледі екен. Өкінішке қарай, қабылданып жатқан шараларға қарамастан, елімізде де мұндай оқиғалар болып жатады. Соның бірі Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданындағы орталық ауруханада жүкті әйел қайтыс болды. Оның туыстары қайғылы оқиғаға дәрігерлерді кінәлап отыр. Мамандар болса, қолдан келгеннің бәрін жасағанын алға тартады. Бақилық болған әйелдің соңында 3 баласы қалды.

Марқұмның туыстары ана өліміне жергілікті дәрігерлерді кінәлап отыр. Төртінші баласына жүкті Ақсуат тұрғыны түн ортасында жедел-жәрдем шақырып, аудандық ауруханаға жеткізілген. Көп ұзамай сол жерде қайтыс болған.

Нұрболат Нимежанов, марқұмның күйеуі:

- Қан қысымы болмады дейді. Осы жерден жедел жәрдем шақырғанда, 120 деп өлшеген. Содан көлік жүргізушісі екеуіміз салып қоя бердік. Сағат 4:00-ден кейін бізге қайғылы хабар келді.

Дәрігерлердің қойған диагнозы бойынша, жүкті әйелдің жатыры жарылып кеткен. Тиісті ем шаралары көрсетілгенімен, әйелді де, құрсақтағы шарананы да құтқара алмаған. Мамандардың айтуынша, қайтыс болған әйел бұған дейінгі үш баласын да кесар тілігі арқылы дүниеге әкелген.

Гүлнәр Баянбаева, аудандық аурухананың акушер-гинекологы:

- Барлық реанимациялық шараларды жасадық, басынан аяғына дейін. Бірақ, аман алып қала алмадық.

Шығыс Қазақстан облысында 2017 жылы 4, ал былтыр 3 ана өлімі тіркелген. Өңірдегі денсаулық сақтау басқармасы мәліметі бойынша, дәрігерлер біліктілігін арттыру - басты назарда.

Райфа Сафиоллинова, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Қаншама жұмыс жасалып жатыр, оқытылып жатыр. Шетелден мамандар да шақыртылып жатыр. Мамандар өз біліктіліктерін көтеріп, осындай оқиға кезінде көмек көрсетуге дайын болуы керек.

Қазір осы қайғылы оқиға бойынша тексеру жүріп жатыр. Оның себебін құрамында республикалық ғылыми орталықтың, Семейдегі медициналық университет және басқа да құзырлы органдардың өкілдері бар арнайы комиссия да анықтайды.

Берік КӨШЕРБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу