Аягөз қаласының тұрғындары жылусыз отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аягөз қаласының тұрғындары жылусыз отыр

14.01.2019

Қыста жылы болмаса, үйдің берекесі қашатыны белгілі. Әсіресе, мұндай жағдай қысы қытымыр өңірлерде қатты байқалады. Қар қалың жауып, сарышұнақ аяз жиі болатын еліміздің шығысында Аягөз қаласының тұрғындары айлап жылусыз отыр. Әбден титықтаған халық жан айқайын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көпшілікке жеткізді. Олар облыс әкімінен көмек сұрап отыр. Жағдай ушыққанда барып, шара қолданған жергілікті билік ескі қазандықты жөндеуге енді кіріскен.

Ержан Жақып, тілші:

 20 жылдан астам жөні түзу жөндеу көрмеген жылу қазандығы мәселеге себеп болып тұр. Нысан жекеменшіктің қолында. 40-тан астам үйді, мектеп пен балабақшаны жылумен қамтуы тиіс қазандық қазір қалыпты жұмыс істей алмай тұр. Сондықтан, қыс басталғалы тұрғындар жылудан таршылық көріп келеді.

Орталық қазандықпен жылытылып отырған үйлердің бәрінде жағдай мәз емес. Зейнеткер Зүбәйлә Мешембаева да «қыс түскелі берекеміз қашып, қалтырап отырмыз», дейді. Ол аздай, мардымсыз жылу үшін бір төлеп , электр энергиясына тағы төлеп әбден шығынға батқан.

Зүбәйлә Мешембаева, зейнеткер:

- Температура көп болса 10 градус, 15 градус болады. Тоқ қосып отырмыз. Қайта күн жылы.

Мейрамгүл Нұрахметова, Аягөз қаласының тұрғыны:

- Клеенка құрдым да, бер жағынан төсеніш ұстап, шегелеп тастадым. Өйткені, қалың мұз болады.

Тозығы жеткен қазандық 20 жылдан бері жөнделмеген. Апаттық жағдайда.

Санам Мамашаева, «Аягөз Жылу» ЖШС өкілі:

 - 5 жыл бойы облыс әкіміне күрделі жөндеу жүргізу үшін бізге қаражат бөлуді сұрап келеміз. Халық қиналмауы үшін. Мәселенің барлығын жергілікті билікке де айтқанбыз. Жазбаған жеріміз қалмады.

Қазір жергілікті билік қаржы тауып, жекеменшік қазандықтағы жылу алмастырғыш құрылғыларды ауыстырып жатыр. Нәтижесінде соңғы күндері тұрғын үй мен әлеуметтік нысандарда температура аздап көтеріле бастаған. Алайда, наразы жұрт «жазда істейтін жұмысты әбден жағдай ушыққанда ғана қолға алды» деп өкпелі. Ал, билік өкілдері жекенің меншігіндегі жылу қазандығын толықтай мемлекет меншігіне қайтару жағын қарастырып жатыр.

Серік Ақтанов, ШҚО әкімінің орынбасары:

- Қазір үш күннің ішінде негізгі бір керекті қондырғыны айырбастағаннан кейін, дұрыс жүйеге келеді. Қазірдің өзінде жақсы болып қалды температура.

Айлап суықтан зәрезап болған аягөздіктер енді моральдық-материалдық шығынды қазандық иелерінен өндіріп алу үшін оларды сотқа беруге бекінген.

Ержан ЖАҚЫП

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу