10 мың доллар тауып алсаңыз қайтер едіңіз? Өзгенің заты мен мүлкін иемденуді ар алдында күнә, заң алдында қылмыс деп білетін адал азаматтар «Әрине, иесіне қайтарып берер едік» деп жауап берері анық. Осы орайда, Нью-Йорк тұрғыны Ричард Таверна отандасымыз Аия Төлемағанбетованың жоғалтып алған осыншама көлемдегі ақшасын қайтарып беріпті. Бұл жөнінде АҚШ-тың «CBS New York» телеарнасы хабарлады.
Аия Төлемағанбетова 10 мың долларға балаларына жаңажылдық сыйлық сатып алуды жоспарлап, жинаған. Алайда, ол сөмкесімен қоса тірнектеп жиған қаржысын да метрополитенде ұмытып кетеді. Жерлесіміздің айтуынша, ол күдерін үзіп, жоғалған қаржымен қоштасып үлгерген. Ойламаған жерде оған Манхэттен тұрғыны Ричард Таверна хабарласып, жерлесімізге тиесілі 10 мың долларын бүгін қайтарып берген.
Аия Төлемағанбетова:
- Ричард пейілі ақ, адал адам. Оның бұл әрекеті Құрама Штатта тұратын адамдар туралы пікірімді өзгертуіме әсер етті.
Өз кезегінде, жерлесіміз Ричардке «Алтын адамның» мүсінін сыйлады. «Алтын адам» біздің елімізде адалдық пен әділеттіліктің нышаны ретінде ұлықталады. Адал. Әділетті. Жан-дүниесі таза азаматтар бізде де баршылық. Бұл сөзге Нұрболат есімді жігіттің әрекеті дәлел. Ол жарты млн-нан астам теңгесі бар әмиянды Қарағанды көшесінен тауып алады.
Бұл - қарағандылық арудың бір айлық жалақысымен қоса, еңбек демалысына төленген қаржы. Иманжүзді Нұрболат ақшаның нақ иесін іздеп тапты. Ал, ақшаға сатып алуға болмайтын асыл қасиет иесіне қазақстандықтар дән риза. Бұған, желідегі жылы лебіздер дәйек.
Ғабит БӨКЕНБАЙ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.