Ақмола облысы: Тұрғындар ауыл іргесінде зауыттың салынуына қарсы
Ақмола облысының Зеренді ауданына қарасты Бұлақ ауылының тұрғындары елді мекен іргесінде зауыттың салынуына қарсы. Кәсіпорын қиыршық тас өндірмек. Зауыт құрылысы басталмаған. Бірақ, құжаттар әзірленіп, рұқсат берілген.
Тұрғындар мен кәсіпкерлер былтырдан бері ортақ шешімге келер емес. Себебі, ауыл халқы кеніштің ашылуына үзілді-кесілді қарсы. 200-ден астам тұрғынның ұстанымы бір.
Айтмағамбет Әутәліп, ауыл тұрғыны:
- Қазба жұмыстарын жүргізбейміз, тек мал шаруашылығын дамытамыз деп халықты сендірді. Сендік. Соңынан байқасақ, қағаздарының бәрін дұрыстаған. Тасын қопарып, карьер ашпақшы екен. Соған халық қарсы болып жатыр.
Кеніш ауылдың оңтүстік-батыс жағынан ашылмақ. Тұрғындардың айтуынша, елді мекен тап осы желдің өтінде. Көпшілікті алаңдатып отырғаны да осы - экологиялық ахуал.
Талғат Құлатаев, ауыл тұрғыны:
- Бір жағынан, жұмыс орны оңды ғой, бірақ, карьер біздің ауылға зиян. Сондықтан, қарсымыз. Карьер қырдың басында тұрады. Ауыл ояңда тұр. Бүкіл шаң, түтін, жер қопарылғаны ауылға жаман әсер етеді.
Наразылықтың тағы бір себебі - жайылым жер тарылады. Кеніш ашылып, зауыт жұмыс істей бастаса, ауыл тұрғындары «мал бағатын жер қалмайды» деп отыр. Елді мекен айналасындағы 139 гектар аумақ бір серіктестікке мал ұстау үшін берілген. Ал, зауыт салғысы келетіндер осы ауданның бір бөлігін және тағы да қосымша аумақты, барлығы 200 гектар жерді, игермек.
Табылды Бақметов, серіктестік директоры:
- Бізге келісім беруіміз үшін өтініш жасалды. Олардың құжаттары дұрыс болса, қолдарында құзырлы мекемелердің рұқсаты болған жағдайда, жалға алған жерімізді оларға беруге қарсы емеспіз.
Жерге қатысты бірнеше мемлекеттік орган тексеріс жүргізген. Заңбұзушылық анықталмаған.
Жадай Әбутәліпов, ауылдық округ әкімі:
- Бұлақ ауылы тұрғындарының арызы бойынша, қазір карьер басындағы барлық жұмыстар тоқтатылды. Бұл мәселе әкімдік назарында.
Кәсіпорынның салынуына келісім бермеген тұрғындар жер мен рұқсаттың қаншалықты заңды екенін қайта тексеруді талап етіп отыр.
Ермек ЕЛБЕРГЕН
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы