Астаналықтардың табысы артқан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астаналықтардың табысы артқан

09.01.2019

Астананың 20 жылдың белесі мен болашағы. Бүгін Астана әкімі жылды қорытындылап, алдағы жоспарларымен бөлісті. Астана астана болғалы қалада 300-ге жуық мектеп пен медицина мекемесі салынған. Бұл қарқын жалғасып, 10 жылдан кейін астаналықтардың саны 2 миллонға, ал, 2050 жылы 3 милоонға жетпек

Астана мемлекеттік қызметкерлер мен топ-менеджерлердің қаласынан кәсіпкерлер тұратын қалаға айналды. Елорда экономикасындағы бизнестің үлесі 50 пайыздан асып кеткен. Әрбір үшінші астаналық кәсіпкерлік салада. Мұндай көрсеткіш ешбір өңірде жоқ екен.

Бақыт Сұлтанов, Астана қаласының әкімі:

- Егер де 20 жыл бұрын Астанада орташа жалақы 10 мың теңгеге де жетпесе, қазір бұл көрсеткіш 230 мың теңгеден асады. Жұмыссыздық деңгейі де 12,8 пайыздан 4,5 пайызға дейін төмендеді.

Әкімнің айтқанын ресми статистикамен салыстырдық. Елдегі орташа жалақы 161 мың теңге. Ең жоғарғы жалақы Атырау облысында, 310 теңгеден асады, Маңғыстауда 273 мың теңгеден жоғары.  Ал, Астанада әкім айтқаннан да жоғары болып шықты. 240 мың теңге. Бұл былтырғымен салыстырғанда 8 пайыздай көп.

Орташа жалақы ескі әдіспен есептеледі. Жалақы қорындағы ақша қызметкерлер санына бөлінеді.  Статистикаға сай, Астанада ең көп орташа жалақы кеншілер мен қаржыгерлерде және ғылыми, техникалық сала мамандарында. Ақпарат пен байланыс саласының қызметкерлері де үздік төрттікте. 

Бақыт Сұлтанов, Астана қаласының әкімі:

- Дарынды кадрларды тарту мен тұрақтандыру үшін қаланы өмір сүруге жайлы ету керек. Ең алдымен, бұл қолжетімді баспана мен жайлы қоғамдық көліктер. Жоғары деңгейдегі денсаулық сақтау мен білім беру жүйелері және қауіпсіз орта.

Қаланың әлеуетін арттыра түсу үшін әкімдік 2035 жылға дейінгі стратегиялық жоспар жасақтауда. Бұл құжат барлық саланы қамтиды және жақын арада міндетті түрде елордалықтардың талқылауынан өтеді. 

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу