Мемлекет басшысы дәрінің бағасын реттейтін заңға қол қойды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы дәрінің бағасын реттейтін заңға қол қойды

09.01.2019

Бұдан былай дәріхана иелері сатып отырған тауарларына ойына келген бағаларын қоя алмайды. Себебі, Мемлекет басшысы дәрінің бағасын реттейтін заңға қол қойды. Құжат бойынша дәрі-дәрмекті белгіленген бағадан қымбат сатқан дәріханаларға қатаң шара қолданылады. Яғни, оларға айыппұл салынып, тіпті лицензиясынан айыру да қарастырылған.  Бұрын денсаулық сақтау министрлігі баға саясатына араласа алмайтын. Ал, қабылданған жаңа заң ведомствоға дәрі-дәрмек бағасын реттеуге құзірет береді.

Сара Жартушинова үш диагноз бойынша есепте тұр. Күнделікті ішетін 3-4 түрлі дәрісі бар. Оларды қабылдамаса, жағдайы нашарлайды.

Сара Жартушинова, қала тұрғыны:

- Дәрі қымбат. Кейде ақшам жетпей қалады. Арзанын іздеп жүремін.

Бұдан былай кейуана бұрынғыдай арзан дәрі іздеп қаланы шарламайтын болады. Себебі, барлық дәріханада баға бірдей болады.

Нұрлыбек Асылбеков, ҚР ДСМ Фармация комитеті төрағасының орынбасары:

- Баға қалай болады, қалай қалыптасады деп дәрі-дәрмек саласындағы фарм қауымдастығымен әлі де талқыланып жатыр. Шекті бағамын шығару оңай шаруа емес.

Қабылданған заң үш айдан кейін күшіне енеді. Қазір тиісті тарап бағаны реттеудің тетіктерін қарастырып жатыр. Олар бір тоқтамға келсе, сәуір айынан бастап бүкіл дәрі-дәрмек бағасы қатаң бақылауда болады.

Нұрлыбек Асылбеков, ҚР ДСМ Фармация комитеті төрағасының орынбасары:

- Шекті баға болады. Сол шекті бағадан ешкім аспауы керек. Шекті бағадан төмен конкурентті түрде сатуға рұқсат беріледі. Заң жобасында шекті бағадан асып кеткендерге қарсы шара қолдану, айыппұл және лицензиясын уақытша тоқтатуға болатын шара қолдануға болады.

Сәуле Алдамұратқызы, тілші:

- Сондай-ақ, министрлік дәрінің бағасын қадағалауды қарапайым халыққа, яғни, бізге де тапсырып отыр. Ол үшін 2-3 айдан соң ұялы телефондарға арнайы қосымша енгізу жоспарланып отыр. Онда бүкіл дәрінің шекті бағасы көрсетіледі. Дәріханада сізге ұсынған дәрінің бағасы, мына жерде көрсетілген бағадан асып кететін болса, құзырлы мекемеге хабарласуыңызға мүмкіндігіңіз бар.

Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу