Қызылордада сақтық шаралары күшейтілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада сақтық шаралары күшейтілді

08.01.2019

Өзен суының тасып, қорғаныс бөгетін жырып өтетін оқиғалар әдетте көктем келіп, күн жылынған кезде болатын еді. Бірақ, қазір қаңтардың басында, еліміздің басым бөлігі қар құрсауында отырса, Сырдария өзенінің Қызылорда қаласы тұсындағы ескі бөгетті су жырып кетті. «Бірақ, одан қаланың сол жағалауына келетін қауіп жоқ», дейді мамандар. Өйткені, былтыр осы ескі бөгеттің сыртынан жаңа қорғаныс салынған екен. Қазір облыста тасқынның алдын алу шаралары күшейтілді. Бөгеттің осал тұстары нығайтылып, өзен жағалай тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды.

Ақерке Берікбекқызы, тілші:

Сол жағалаудағы жаңа бөгет - осы. Ескі бөгеттен асқан су осы жерге дейін жетті. Дер кезінде арнайы техника жұмылдырылып, жағдай тез қалыпқа келтірілді. Қазір қауіптің беті сейілген. Былтыр Үкімет қаржысы есебінен 2 миллиард 656 миллион теңге бөлініп, 10 шақырым бөгет салынған болатын. Соның арқасында облыс орталығы топан судан аман қалды. Дегенмен, тілсіз жауға сенім жоқ, кез келген жағдайға дайын болу керектігін мамандар ескертуде.

Ғабит Жаңабаев, облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Қызылорда қаласы, аудан әкімдерінің шешімдерімен бекітілген 111 арнайы мекемелерге бекітіліп берілген, 425 техника, 1269 адамды құрайтын жұмысшы күші бар. Одан бөлек, облыс бойынша қап, жанар-жағармай, инерттік материал бар.

Сырдарияға қазір жоғарыдан 553 текше метр су құйылып жатыр. Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда 50 текше метрге аз. Бірақ, ауа райының қолайсыздығынан дарияда су деңгейі көтерілуі мүмкін. Қазір солтүстік аудандарда дарияда мұз толық ұстасқан. Ал, Жаңақорған, Шиелі аудандарында сел жүруде. Синоптиктер алдағы күндері күн суытады деп отыр. Бұл жағдайды күрделендіре түсуі мүмкін.

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу