Атырау облысында нәресте өлімі көбейген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау облысында нәресте өлімі көбейген

07.12.2018

Атырау облысында сәби өлімі өткен жылмен салыстырғанда 23 пайызға артқан. Дәрігерлер «ай-күніне жетпей туған шақалақтардың шетінеп кетуіне бірнеше себеп бар», дейді. Ең бастысы, мерзімінен бұрын туған және туабітті ауруы бар нәрестелерді емдейтін неонатолог маман тапшы. Сондай-ақ, өңірдегі 4000 мыңға жуық жүкті әйел түрлі созылмалы дертке шалдыққан.

Сәуле тұла бойы тұңғышын мерзімінен бұрын босанған. Бірақ, жарық дүниеге келген сәбиі бір күннен кейін шетінеп кеткен. Ақхалаттылар барлық көмекті көрсеткенімен, салмағы 458 грамм шақалақты аман алып қалу мүмкін болмапты.

Сәуле, тұрғын:

- Толғағым басталып, мерзімінен бұрын босануды шешті дәрігерлер. Бір күн вакуумда жатты. Бірақ, қайтыс болып кетті. Дәрігерлер қолдарынан келгеннің бәрін жасады.

Соңғы 10 айда Атырауда 13 865 нәресте дүниеге келген. Оның 130-дан астамы шетінеп кетті. Дәрігерлер «сәби өлімінің артуы, кей жағдайда, жүкті әйелдердің салғырттығынан да болады», дейді.

Раиса Баймұханова, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс педиатр маманы:

- Әйелдер уақытында тексерістен өтпейді. Жүкті болып қалған жағдайда, 12 аптаға дейін жүктілікке тіркелу керек қой. Өкінішке орай, одан кейін келіп жатқан әйелдер де бар. Дені сау ұрпақты әкелу үшін, әрбір әйел адам өзінің денсаулығын жақсартып, дайындалуы керек.

Жаңа туған сәбилерге шұғыл медициналық көмек көрсететін маман жоқтың қасы. Бүгінде Астана, Алматы, Ақтөбе қаласынан келген неонатолог 3 дәрігер шақалақтарды емдеуде. Аймаққа аталмыш саланы меңгерген 11 маман керек.

Аслан Мұханов, облыстық перзентхананың дәрігер неонатологы:

-Маман жетіспейді аудандарда. Аудандарға санавиациямен дәрежелі дәрігерлер ұшып барады. Олар үлгермей, кейде көмек көрсете алмайды. Біз ол баланы мына жаққа алып келеміз. Бүкіл ем-шараларын жасаймыз. Бірақ, баланың ең басындағы реанимациясы дұрыс болмаса, одан кейін нәрестеге қиын болады.

Тығырықтан шығу үшін шетелдік мамандардың көмегіне жүгінуге тура келеді. Прибалтика елдерінен келген профессорлар жергілікті мамандарға дәріс оқуда.

Лаима Юозапавичене, медицина ғылымдарының докторы (Литва)

- Сәби өлімінің артуын біржақты қарастыруға болмайды. Мәселен, Атырауда биыл 633 шақалақ мерзімінен бұрын өмірге келген. Олардың 50-і небәрі 500-900 грамдық. Бұл салмақтағы сәбилерге жоғары дәрежедегі көмек пен күтім қажет. Өткізіліп жатқан шеберлік сағаттары, түрлі жағдайда туған нәрестелерді аман алып қалуға мүмкіндік береді.

Нәрестелердің өлімін азайту үшін мамандардың біліктілігін арттыруға ден қойылмақ. «Сондай-ақ, әйелдердің денсаулығына қатысты ағарту жұмыстарын жүргізу - ең өзекті мәселе», дейді медицина қызметкерлері.

 Жандос ТЕМІРҒАЛИ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу