Түркі кеңесі министрлерінің кеңесі келер жылы Қазақстанда өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркі кеңесі министрлерінің кеңесі келер жылы Қазақстанда өтеді

09.11.2018

Қазақстанның сыртқы саясатындағы басым бағыттардың бірі - түбі бір түркілермен арадағы байланысты тереңдету екені мәлім. Осы орайда, әсіресе, рухани-мәдени салада көптеген шаралар атқарылып жатыр. Соның бірі ретінде Қазақстанда түркі жастарының халықаралық лагері ұйымдастырылатынын айтуға болады. Мұндай шешім Анкарада өткен Түркі Кеңесінің диаспоры істеріне жауапты министрлерінің 3-і кездесуінде қабылданды. Келесі кездесу де біздің елімізде өтетін болды.

Келелі кеңесте 2013 жылы қабылданған Түркі кеңесіне мүше мемлекеттердің диаспораларға арналған бірлескен іс-әрекет стратегиясына өзгерістер енгізілді. 2018-2019 жылдарға арналған жоспар да бекітілді.

Дархан Кәлетаев, ҚР Қоғамдық даму министрі:

- Біздің тарапымыздан ұсынылған мәселелердің бәрі қолдау тапты. Ендігі жылы Елбасының Жолдауына сәйкес Қазақстанда жастар жылы. Сондықтан, түркітілдес халықтарды Қазақстандағы жастар лагеріне шақырдық. Сондай-ақ, келесі жылы Түркі Кеңесі министрлер кездесуін Түркістанда өткізу туралы ұсыныс бердік. Ұсыныстарымыздың бәрі қабылданды.

Жалпы, Түркітілдес елдері ынтымақтастық кеңесі шетелдерде тұрып жатқан қандастарының мүддесін қорғау үшін жұмыс істейді. Бүгінгі миграциялық жағдайды ескеретін болсақ, мәселенің маңыздылығы арта түседі.

Бағдат Әмреев, Түркі кеңесі бас хатшысы:

- Өздеріңіз білесіздер, шет елде көптеген түркітілдес азаматтарымыз өмір сүріп жатыр. Түркияның 7-8 миллион азаматы батыста. Қазақстанның бірнеше миллион отандасы, қандастары шет елде тұрады. Әзірбайжанның, Қырғызстанның да миллиондаған азаматтары шет елде тұрады. Бұл қауымды тыс қалдыруға болмайды. Олармен қарым-қатынасты тығыз ұстауымыз керек. Оларға көмек беруіміз керек.

Алқалы жиын аясында «Отандастар қоры» Түркияның қос бірдей мекемесімен ынтымақтаса жұмыс істеу туралы мемарандумға қол қойды. Оның бірі шет елдік түріктер және туыстас халықтар басқармасы, екіншісі Юнус Эмре Институты. Құжат тәжірибе алмасу мен Бірлескен жобаларды жүзеге асыруды көздейді.

Нұртай Әбіқаев, «Отандастар қоры» КЕҰ президенті:

- Мұндай меморандумға бірінші рет қол қойылып отыр. Өзінің отандастарымен түркі тарапы о заманнан бергі қарай түрлі іс-шаралар жасап жүрген. Сондықтан, солардың қай дәрежеге жеткенін білеміз.

Жиын барысында шет елдерде өмір сүретін түрік және қазақ диаспоралары арасында байланысты арттырып, өзара ынтымақтастықты арттыру жолдары қарастырылды.

 

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу